Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы жүйелі іске асырылуда. Облыс құрылғаннан бері 11 жаңа саябақ, 5 сквер, 2 аллея салынып, 21 саябақ күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, Сарқан ауданында табиғи ландшафты сақталған саябақ жасалды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы орайда халықтың қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға назар аударылып, барлық аудан-қалалардағы орталық саябақтарды жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамалары кезең-кезеңімен әзірленуде. Жалпы алғанда, елді мекендерде жаяу жүргіншілер аймақтары мен демалыс орындарын құру бағытында жұмыс жүргізіліп, жаңа саябақтар мен скверлер салынуда.
Мәселен, соңғы екі жылда өңірде 29 саябақ, 2 орталық алаң, көптеген балалар және спорт алаңдары салынып, жаңғыртылды. Облыс көлемінде елді мекендер аумағында 249,9 мың ағаш отырғызылып, орман қоры 27,4 млн. түп ағашқа ұлғайды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында көп қабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттері жөнделіп, арық желілері қалпына келтірілді, көше жарық шамдары орнатылды.
Жыл басынан бері өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 13,5 мың адамның қатысуымен 400-ден астам түрлі іс-шара өткізілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай, Жұмабай Мұсабеков




























