Биыл облыс орталығының жолдарын жөндеуге бюджеттен 5 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Бүгінде соның 2,8 миллиард теңгесі игеріліпті. Бұл туралы бізге Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Малдыбай Қалиев мәлімдеді, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Үстіміздегі жылы шаһардың 99 көшесіне (91,6 шақырым) жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Дәл қазір 9,4 шақырым жол күрделі жөндеуден, 56,9  шақырым жол немесе 60 көше орташа жөндеуден өтуде. Оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарлама аясында 27 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Абай, Д.Қонаев, Есетов, Тоқаев, Бірлік, Л.Асанова, Жасұлан, Ыбыраймолдаев сынды және «Шығыс» шағын ауданының 6, Өтенай ауылының 3, «Көктал» шағын ауданының 2, Плодопитомник тәлімбағының 4 көшесі бар.

Мәслен, Қонаев көшесінің 2,2 шақырым жолын (Желтоқсан мен Жалайыр көшесінің аралығы) орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазір онда «Гордорстрой» мердігер ұйымы жұмыс жасауда. Жалпы, бұл көшенің құрылысына 30 миллион теңге бөлінген екен. Бүгінде сол қаражаттың 25 пайызы игеріліпті.

Бұдан бөлек, Ақын Сара мен Тыныбаев көшесінің қолданыстағы жаяу жүргінші жолдарына орташа жөндеу жүргізу қарастырылған.

Айта кетейік, кейбір жолдарды жөндеуге жарияланған конкурсқа бірде-бір мердігер қатыспауына байланысты құрылысы жүзеге аспай тұр. Мәселен, қаланың Оңтүстік батыс ауданында 6,3 шақырым жаңа жол салу жоспарда болған. М.Қалиевтің айтуынша енді аталған аумаққа қайтадан конкурс жарияланбақ. Сонымен қатар, Ынтымақ ауылына 19 шақырым қиыршық тас жолын салу үшін 100 миллион теңге бөлінген. Мұның да құрылыс жұмыстарына конкурс жарияланып отыр.

Бөлім басшысы қала ішіндегі 78 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын да атап өтті. Бұл іспен «Санжар 2612» ЖШС айналысуда. Құрылысқа 96,6 миллион теңге бөлінген, қазір жұмыстары жүргізілуде.

Мұнымен бірге жолдарды күтіп ұстау шығындарына – 608,8 миллион теңге бөлініп отыр. (қысқы, жазғы күтім, сондай-ақ жол қозғалысын реттеу, аялдама кешендерін күтіп-ұстау т.б.).

Ал, «Қызыл тас» пен «Шайқорған» саяжай қоғамдарында жалпы құны 595 миллион теңгені құрайтын 2 автожол көпірлерінің құрылысы басталып кеткен. Ол жерлерде «ТеплоРемСтрой» мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK