Жетісу облысында шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 15,2%-ға артты

 

Жетісу облысында шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі екінші тоқсанның қорытынысы бойынша 566,3 млрд. теңгені құрап, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға артты. Жалпы, биылғы жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес өңірде 63 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, яғни 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға ұлғайған,  — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, кәсіпкерлік белсенділіктің өсуімен қатар салықтық түсімдер көлемі де артуда. Осы жылдың 1 қарашасына бюджетке түскен салық түсімдері 57,1 млрд. теңгені құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,6%-ға жоғары. Аталған динамика салық базасының кеңейгенін және сектордың қаржылық тұрақтылығының артқанын көрсетеді.

Сондай-ақ осы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес секторында 107,3 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға жоғары.

— Шағын бизнесті ынталандыру және ірілендіру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 5,9 млрд. теңге бағытталып, жалпы 8,2 млрд. теңгені құрайтын 111 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар кәсіпкерліктің тұрақтылығын арттыру мақсатында 2025 жылы сервистік қолдауға жергілікті бюджеттен 31 млн. теңге бөлініп, 1 011 кеңес берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және тұрақты бақылауда болады, — деді басқарма басшысы Серік Сәбетайұлы.

Сол сияқты «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биылғы 22 желтоқсанға дейін жалпы 1,8 млрд. теңгеге 246 өтінім мақұлданған. Нақты 1,2 млрд. теңгеге 171 микрокредит мал шаруашылығы саласына және өзге де бизнес түрлеріне берілді. Биылғы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай және бірқатар фотосуреттер архивтен алынды. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз