Жетісу облысының Талдықорған қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды.
Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қала тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Өткен кездесулерде көтерілген мәселеге байланысты биыл қыркүйек айында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды, 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде облыс орталығында мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 7 орталық бар. Бүгінде оларда 1 282 адам қызмет алуда. Сол сияқты «Асар» спорттық-оңалту кешені базасында биыл облыс әкімдігінің қолдауымен республикада алғаш болып мүгедектігі бар адамдар үшін үйде оңалту қызметі қолға алынып, 210 адам қамтылды. Жалпы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін жақсарту бағытында қала бойынша мемлекеттік нысандарды бейімдеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді, — деді Б. Исабаев.
Денсаулық сақтау саласына келсек, Оңтүстік-батыс ауданында 500 келушіге арналған емхана салынуда. Нысан 2026 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Бұл құрылыс алғашында облыстық сот ғимараты ретінде басталған, кейін облыс екіге бөлінгеннен кейін сотқа бөлек ғимараттың қажеттігі болмай қалды да ғимаратты емхана ретінде пайдалану туралы шешім қабылданды. Биыл Өтенай ауылында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Сонымен бірге көпсалалы облыстық балалар ауруханасын жөндеу үшін биыл қаржы бөлініп, сейсмикалық күшейту жұмыстары басталды. 2026 жылдың екінші жартысында аяқталады. Сондай-ақ осы жылы қаланың медициналық ұйымдарына 86 бірлік медициналық құрал-жабдық және 4 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынды.
Кадр мәселесін шешу де назардан тыс қалған жоқ. Өңірге қажетті медицина мамандарын тарту мақсатында 2024-2025 жылдары қалаға жұмысқа келген 24 дәрігерге 120 млн. теңге көтерме ақы берілді.
Ал білім беру саласында осы жылы 5 жекеменшік балабақша ашылды. Мамыр айында «Білім-Инновация» мектебінің құрылыс жұмыстары басталды, келесі жылдың шілде айында аяқталады. «Батыс» тұрғын алабында 1 200 орындық мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді.
Сол сияқты мәдениет және спорт салаларына тоқталсақ, Еркін ауылында басталған 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы келесі жылы салынып бітеді. Сондай-ақ көркем гимнастикаға арналған ғимараттың құрылысы жыл соңында аяқталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев,
бірқатар фотосуреттерді Талдықорған қаласының әкімдігі ұсынды.





























