Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісу облысында жергілікті мәдениет мекемелеріне автокөліктер берілді. Облыс әкімінің атынан техника кілттерін орынбасары Диас Есдәулетов табыстады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғандағы орталық алаңда өткен салтанатты шарада өңір басшысының орынбасары мәдениет қызметкерлерінің Жетісудың өнерін өрістетуге, халықтың рухани дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
— Мәдениет саласы мамандарының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау, мәдениет нысандарын материалдық-техникалық жағынан жүйелі түрде нығайту – біздің басты міндетіміздің бірі. Бүгін саланың техникалық базасын шағын автобустармен және жүк көліктерімен толықтырып отырмыз. Бұл көліктер мәдениет ұжымдарының гастрольдік сапарларға шығуына, қажетті құрал-жабдықтар мен декорацияларды тасымалдауына, түрлі фестиваль, байқауларға қатысуына мүмкіндік туғызып, жұмыс сапасына оң әсер етеді деп сенеміз, — деді Д. Есдәулетов мекеме басшыларына автокөлік кілттерін тапсырды. Атап өтсек, осы күні облыстағы 8 аудандық, 2 қалалық мәдениет үйлеріне, С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасы, облыстық архив, Көркемсурет галереясы мен Халық шығармашылығы орталығына жалпы саны 13 Газель, 1 жүк көлігі берілді.
Жаңа техникаға ие болған мекеме ұжымдарының атынан Алакөл аудандық Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің директоры Отан Смағұлов сөз сөйлеп, ризашылығын білдірді.
— Бүгін Жетісу өңірінің мәдениет саласы қызметкерлері үшін тарихи күн деуге болады. Сала нысандарына бір күнде осынша көлік беру оқиғасы алғаш рет болып тұр. Бұл – ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген азаматтарға көрсетіліп отырған қамқорлық, бізге шығармашылық серпіліс беретін игілікті іс. Бір ғана біздің Алакөл ауданында 4 жаңа мәдениет нысаны салынып жатыр, соның біреуі жуырда пайдалануға беріледі, 3-еуі келесі жылдың үлесінде. Алдағы уақытта да руханият үшін еселі еңбек ете береміз. Жетісу өңірінің өнері мен мәдениеті жасай берсін, — деді ол.
Атап өтсек, бұл игі шара биыл екінші жыл қатарынан өткізілген «Жер жаннаты — Жетісу» облыстық телевизиялық байқауының марапаттау салтанатымен және гала концертімен жалғасты.
Жалпы, Жетісу облысы құрылғаннан бері мәдениет саласының инфрақұрылымы 36,2 % жаңартылды. Соңғы үш жылда сала мекемелерінің материалдық базасын нығайтуға бюджеттен
1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, музыкалық аспаптар, сахналық киімдер, компьютерлік жабдықтар, басқа да қажеттіліктер сатып алынған. Қазір облыста 300-ден астам мәдениет, архив мекемелері жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілшілер: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков





























