Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы жүйелі іске асырылуда. Соңғы екі жылда өңірде 29 саябақ, 2 орталық алаң, көптеген балалар және спорт алаңдары салынып, жаңғыртылды. Облыс көлемінде елді мекендер аумағында 249,9 мың ағаш отырғызылып, орман қоры 27,4 млн. түп ағашқа ұлғайды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында көп қабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттері жөнделіп, арық желілері қалпына келтірілді, көше жарық шамдары орнатылды.
— Халықтың қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға назар аударып, барлық аудан-қалалардағы орталық саябақтарды жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамаларын кезең-кезеңімен әзірлеп жатырмыз, осылайша барлық саябақтар жаңа кейіпке ие болады. Жалпы алғанда, елді мекендерде жаяу жүргіншілер аймақтары мен демалыс орындарын құру бағытында жұмыс жүргізіліп, жаңа саябақтар мен скверлер салынуда. Облыс құрылғаннан бергі үш жылда жаңа 11 саябақ, 5 сквер, 2 аллея салдық, 21 саябақ күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, Сарқан ауданында табиғи ландшафты сақталған саябақ жасалды. Бұл ретте жасыл желектің тұрақты суарылуы арық жүйесі арқылы және автоматтандырылған суару жүйелері арқылы қамтамасыз етіледі, — деді Б. Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай, Жұмабай Мұсабеков





























