Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл саяжай тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады. Сонымен қатар, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Көпшілік тұрғындардың сауалы тұрғын үй кезегі, әлеуметтік сала және ауланы абаттандыру, жер мәселесіне қатысты болды. Қала басшысы азаматтардың мәселелерін шешу бойынша басшыларға тиісті тапсырма берді. Сондай-ақ, Ернат Дүйсенбекұлы Қаратал, Мерекелік және Қызылтас саяжайының тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында саяжай тұрғындарының көкейінде жүрген газдандыру, көшені жарықтандыру, ауыз су, қалааралық қатынастағы қоғамдық көлік сынды өзекті мәселеге қатысты сұрақтарын тыңдап, жауапты мамандарға тиімді жағын қарастыруды тапсырды.
Қаланы толық газдандыру жұмыстары жалғасын табуда. Шаhар басшысы қала іргесіндегі коттеджді қалашыққа барып, жауаптыларға қалашықты толық газдандыру бойынша жоба ұсынуды, және де «Асми» балалар бақшасына дейінгі жолдың жағдайын көріп, қатты төсеніш төсеу жұмысын жеделдетуді баса айтты. Сапар соңы қаланың жылыту маусымына дайындық барысын қадағалаумен жалғасты. Мердігер компаниямен жүздесіп, мерзім мен сапа басты назарда екендігін атап өтті. «Қаламызда газ тарту желілерін салу жұмысы 2016 жылы басталып, 2017 жылы алғашқы табиғи газбен қамтамасыз ету іске қосылды. Бүгінде қаланы газдандыру көлемі едәуір артты. Бұл дегеніміз қаншама халық көгілдір отынға қол жеткізді деген сөз. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады»-деді.
Еркін ауылындағы екі қабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылады.
Бұл жөнінде қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы Еркін ауылының тұрғындарымен жүздесу кезінде мәлімдеді. Алдымен, қала әкімі өңірді одан әрі дамытуға бағытталған жоспарларымен таныстырып, тұрғындарды тыңдады. Ауыл тұрғындары жол, көше жарықтары, аулаларды абаттандыру, газ мәселесі және қоқыс төгу алаңына қатысты мәселе көтерді. «Өңірдің одан әрі кемелденіп, дамуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Сондықтан да елдің әлеуетін арттыратын, тың жоспарымызды бақылауда ұстап, кезең-кезеңімен жүзеге асыруымыз қажет. Қаладағы қордаланған өзекті мәселелер оңтайлы шешімін табуы керек . Халыққа тек уәде беріп қана қоймай, оны іс жүзінде дәлелдеу керек», — деді қала әкімі.