Өнерге қарттардың да бар таласы

438

Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің «Өнерге қарттардың да бар таласы» атты бастамасына сай қалалық ардагерлер бірлестігінің ұйымдастыруымен екі мәрте жыр мүшәйрасы өтті. Қос байқаудың бірі елордасы Астананың 25 жылдығына арналса, енді бірі «Әділетті Қазақстан жыр шуағым» тақырыбында ұйымдастырылды. Қарттар арасында өткен өнер додасына жалпы 20-ға жуық қаламгер қатысып, бақ сынады.

Бірінші «Астана» тақырыбындағы байқаудың басты шарты бойынша ақындар елордасының ширек ғасырда жеткен жетістіктерін жырлау болса, екіншісінде әділетті Қазақстанның тың бастамаларын поэзия тілімен жеткізу. Осыған байланысты бағалаушылар алқасына келіп түскен әрбір шығарманың авторының аты жөні көрсетілмей тек нөмір арқылы берілді. Бұл біріншіден, бұра тартуға жол бермей тек құнды шығармаларды бағалауға мол мүмкіндік берсе, екіншіден, нағыз дарын иесін тауып әділ бағасын беруге жол ашты, — дейді ұйымдастырушылар.

Сонымен қазылар алқасының қорытындысы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталып, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, «Астана» тақырыбында жазылған өлеңдер арасынан орамды ой, өткір тілімен танылған шығарма авторы Бақытжан Иса  топ жарып 50 мың теңгенің сертификатына ие болса, екінші орынға белгіленген 30 мың теңге қаржылай сыйақыны Бағила Азанбаева жеңіп алды. Ал, бірнеше өнерді еркін меңгерген  қарт қаламгер Бекмұхамбет Жұмағұлов «Әділетті Қазақстан жыр шуағым» атты байқаудың жеңімпазы атанып 50 мың теңге, және «Ел жүрегі Астана» өлеңімен екінші орынға еншілеп 35 мың теңге қаражатпен сыйланды.  Сондай-ақ әр байқаудың қос-қостан үшінші орын жүлдегерлеріне 25 мың теңгеден ақшалай жүлде табысталса, ынталандыруға лайық деп танылған бірнеше ардагерге бағалы сыйлықтар үлестірілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз