Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жетісу облысына жасаған жұмыс сапарында Талдықорған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада арнайы кездесу өткізді. Басқосуға облыс аумағындағы аудан, қалалардағы кітапханашылар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, мәдениет саласының жетекшілері қатысты. Жиында сөз алған федерация төрағасы кітапхана жұмыскерлерінің еңбек құқықтарын қорғау бойынша өзекті мәселелерді атап өтіп, олардың медициналық қызметпен тегін қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапқанын жеткізді.
Мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлері салалық кәсіподақ мекемесі облыстық филиалының жетекшісі Сәуле Ахмадиеваның айтуынша, бүгінде Жетісу өңірінде 147 кітапхана бар, оларда 399 адам еңбек етеді. Сәуле Ахмадиева кәсіподақ ұйымдарының қызметіндегі жетістіктердің бірі ретінде 2022 жылдан бастап жыл сайын 24 қазанда аталып өтетін кәсіби мереке – Кітапханашылар күнін атап өтті. Кітапхана қызметкерлерінің негізгі проблемалары – жалақының төмендігі, субсидияланған тұрғын үй бағдарламасының жоқтығы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, кәсіби аттестаттау мәселелері.
«Кітапхана қызметкерлерін аттестаттау үш жыл сайын өткізіледі. Оның үстіне 20-25 жыл еңбек өтілі бар кітапханашылар жас мамандармен тең дәрежеде аттестациядан өтеді. Аттестаттау сынақтарының мазмұнының өзі күмәнді, көбінесе кәсіби қызметке мүлдем қатысы жоқ сұрақтар туындайды. 20 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар кітапханашыларды аттестациядан босатуды көптен сұрап келеміз», – дейді кітапханашы Ғалия Ешенова.
Оның әріптесі Әсем Ишамбаева кітапханашыларға медициналық көмек көрсету мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, кітапханашылар жыл сайын өз қаражаты есебінен міндетті медициналық тексеруден өтуі керек, бұл қалтаға айтарлықтай зиян тигізеді. Салада орташа жалақы 120-140 мың теңгені құрайды.
«Қазіргі заманғы кітапханалардың жұмысын бағдарламашыларсыз елестету мүмкін емес, олардың жалақысы 80 000 теңгеге әрең жетеді. Сондықтан кітапханаларда көмекші кадрлардың ауысуы жиі орын алады», – дейді облыстық кітапхана директоры Самал Шаяхметова.
Салада қордаланып қалған мәселелерді талқылау барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Еңбек» депутаттық тобының арқасында кітапханашыларды тегін медициналық тексеруден өткізу мәселесі қаралып, келесі сессияда мәслихаттың шешімімен кітапханашылардың пайдасына бекітілетіндігін жеткізді.
«Біз сіздердің салаларыңыздағы қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін тұрақты бақылауда ұстаймыз. Кәсіподақтар бюджеттік сала қызметкерлеріне базалық лауазымдық жалақы – БЛЖ негізіндегі жалақыны алып тастауды талап етуде. Әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылдың арқасында бұл мәселеде ілгерілеушілік бар, яғни, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен тиісті ведомствадағы әлеуметтік әріптестер тиісті есеп-қисаптарды жүргізіп жатыр деп сендіреді. Кадр мәселесін шешу тікелей жалақы мөлшеріне байланысты екенін де түсінеміз. Бұл мәселелер тығыз байланысты және жүйелі шешімді талап етеді, біз үкіметке тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар пакетін енгіздік», – деді ҚРКФ басшысы.
Салада әлеуметтік әріптестікті дамытудағы кәсіподақтардың рөлін Жетісу облыстық мәдениет басқармасының мониторинг бөлімінің басшысы Жанар Талханова атап өтті.
«Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мәселелерін шешу үшін облыстың кәсіподақ орталығымен бірлесе отырып көптен бері жұмыс істеп келеміз. Осыдан төрт жыл бұрын кәсіподақ ұйымдары мен мәслихаттың қолдауының арқасында мұрағат қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі шешілді. Қазіргі таңда басқарма бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұсынысы бойынша кітапхана қызметкерлерін қызметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруға дайын», – деді облыстық мәдениет басқармасының өкілі.
Сала кәсіпорындары мен ұйымдары қызметкерлерінің мүдделерін қорғау бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс тақырыбын жалғастырған Сатыбалды Дәулеталин заманауи қазақстандық қоғамдағы Еңбек адамы мәртебесін анықтау бойынша кәсіподақтардың ұстанымымен бөлісті.
«Әділетті Қазақстанды құру мақсатын қоя отырып, әлеуметтік әріптестер ең бастысы – Еңбек адамының мәртебесін көтеруден, еңбек идеологиясын жаңғыртудан бастауы керек. Кәсіподақтар үшін Әділетті Қазақстан – Еңбек адамы үшін әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, еңбекке деген әділ қатынас, әділ еңбек қатынастары, әділ еңбекақы. Кітапханашылар – ұлттың рухани дамуы тікелей байланысты еңбек адамдары», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.