Еліміздің ертеңі, біздің болашағымыз-бала. Адамға ең алдымен тәрбие берілуі керек. “Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнегеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады”,-деген Мұхтар Әуезовтың сөзі дәл айтылғандай. Сондықтан жас ұрпақты адамгершілікке, шыншылдыққа, әдептілікке және тағы басқа адамның бойынан табыла білетін барлық жақсы қасиеттерге тәрбиелеуіміз керек.
Балалар қазір жас шыбық секілді. Жақсы жаққа түзеп, дұрыс жолға сала аламыз. Ол өсіп қалың ағаш болғанда түзеу қиын болары анық. Сондықтан жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруіміз керек. Бала үйде ата-анасынан тәрбие алса, мектепте ұстаздарынан тәрбие алады. Мектептер өскелең ұрпаққа білім берумен ғана шектелмей, салауатты өмір салтын ұстануына да жағдай жасап, балаларды жазғы демалыс лагерьлерге де жіберіп отырады.
Биыл Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Қоңыр ауылдық округі құрамындағы Көктөбе ауылында лагерь ашылды. Лагерь ұйымдастырушысы, Көктөбе негізгі орта мектебінің директоры Дөсет Чапайұлының айтуынша, биылғы жазда “Көктөбе” жазғы демалыс лагерьі 600 баланы қабылдауға дайын.
- Біздің лагерімізге Ескелді ауданының 5-7 сынып оқушылары келеді. Мақсатымыз — балалардың көңіл- күйін көтеру, жазғы демалыстарын құр өткізбей, жақсы әсер сыйлау және салауатты өмір салтын сақтауға тәрбиелеу. Біз 3 ауысым бойы аудандағы жеңілдік санаттағы балаларды қамтимыз. Бүгінде лагерьдің бірінші ауысымына 150 бала қабылдадық. Екінші ауысымына балаларды 15-шілде күні қабылдаймыз. Мектеп ішінде балаларға барлық жағдай жасалған, — дейді Байдильдин Дөсет Чапайұлы.
Сейсенбаев Шалхар Білісбекұлы,
Қоңыр орта мектебіндегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Оқушылар жазғы демалысты асыға күтеді. Балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері өз жұмысын бастап кетті. Биыл мектебіміз бойынша 30 оқушымызды лагерьге жібердік. 10 оқушымыз “Алтын Шажа” лагеріне, 10 оқушымыз Қасқелең ауданындағы “Альтаир” лагеріне барды. Ал 10 оқушымызды “Көктөбе” лагерьіне жібердік. Балалардың жататын орнын, лагерьдің қауіпсіз аймақта орналасуын, ішетін тағамдары мен тазалығына мән береміз. Осындай лагерьлердің арқасында балалардың таланты оянып, өзін басқа қырынан көрсетуіне мүмкіндік алады. Біз үшін жіберген әр оқушымыздың қауіпсіздігі бірінші орында. Балалар біздің — аманатымыз.
Жазғы тынықтыру лагерлері балалардың көңілдерін көтеруге бар күштерін салуда. Жаңадан ашылған лагерь болса да көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Лагерьге келген балалар мәз. Балалар ғана емес, тіпті ата- аналар қуанып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіруде. Балалар уақытылы тамақтанып, қолдары телефоннан босап, ұйқы режимдері дұрысталып, таза ауада уақыттарын тиімді өткізуде.
Нұрмұхамет Нұрасыл Талетұлы,
“Көктөбе” демалыс лагерьінің демалушысы:
- Биылғы жазымды Көктөбе ауылындағы жаңадан ашылған лагерьде өткіздім. Таңертең ерте тұрып жаттығу жасаймыз. Тәрбиеші апайларымыз өте керемет жандар. Күнделікті ішетін тамақтарымыз да өте дәмді. Өзіме жаңа достар таптым. Спорттық ойындар ойнап, сурет саламыз. Ән салып, биді де билейміз. Лагерьдегі уақытымыз бос өтпейді. Маған лагерь қатты ұнады. Бізге осындай мүмкіншілік сыйлаған мектебімізге, ата-анамызға және “Көктөбе” лагерьінің ұйымдастырушыларына алғысым шексіз!
Айжан Жантасова, ата-ана:
- Мен көп балалы анамын. Қызымды лагерьге жібердім. Қызым сурет салғанды және би билегенді ұнататын еді. Лагерьге барып қызығушылығын одан әрі дамытып жүр екен. Қазіргі балалар компьтердің алдынан тұрмай, күні бойы телефоннан көз алмайды. Бұл лагерь балалардың қабілеттерін одан әрі дамытып, жүздеріне күлкі сыйлай білді. Жылда осындай лагерьлердің көп болғанын қалаймыз. Балаларымды қуана-қуана жіберуге дайынмын.
Айжан Болатова.