Бүгінде елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты білім саласында оқушыларды қашықтан оқыту жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес «Талдықорған қаласындағы білім беретін барлық мектеп 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап қашықтан оқытуға сақадай сай», – дейді білім саласының мамандары.

Қазір жалпы аймақтағы орта білім беретін мектептерде 2481 мұғалім еңбек етсе, олардың 2116-сы қала мектептерінде, 365-і ауылдық жерлерде жұмыс жасайды. Ал, қала мектептерінде 26116 оқушы білім алса, қалған 3900-ден астам оқушы шаһар маңындағы 5 ауылдық мектепте оқиды. Аталған білім ошақтарының оқушыларының қашықтан білім алуына бар жағдай жасалуда. Атап айтқанда, техникалық құрал-жабдықты қажет ететін аз қамтылған отбасынан шыққан 163 білімгерге уақытша пайдалануға ноутбуктер берілсе, 200 жанұя «Otau-TV» теледидарлық антенналарымен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, «Қазақтелеком» АҚ-мен келісім шарт бойынша 40 аз қамтылған отбасы интернет желісіне қосылған.

Мамандардың айтуынша қазіргі уақытта онлайн режимінде сабақ өтуге өңірдегі барлық мұғалімдер мен оқушылар үшін интернет желісі қолжетімді. Қашықтан оқыту 4 бағыт бойынша жүргізілмек. Мәселен, балалардың «Еларна», «Балапан» телеарналарында өткізілетін телесабақтармен қоса, Қазақ радиосы, Қазпошта және интернет желісі арқылы білім алуына мүмкіндік бар.

Қазірге дейін оқушыларды қашықтан оқыту туралы түсіндіру жұмыстары толық жүргізілді. BilimLand, Yоutube, Daryn.online, сабақ және т.б. интернет-ресурстары дайындалып, оқушылар мен ата-аналарға кері байланыс жұмыстары Kundelik.kz жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі күнде оқытушылар үшін құрылған аккаунттар мен оны жүргізу белсенділігі жоғары. Сондықтан, талдықорғандық білім саласы қашықтан  оқытуға 100 пайыз дайын.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK