Еліміздегі мерекелік күндердің тізбесі жаңа «Аналар күні» және «Әкелер күні» мейрамымен толыққаны мәлім. Берекелі әрі бақытты отбасы — қуатты елдің тірегі. Аталмыш мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналар мен әкелердің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етуді көздейді. Осы күн аясында өмірден озғанына бірнеше жыл өтсе де, тіршіліктегі әрбір ісі, сөзі, бізге өнеге болып келе жатқан әкем жайлы айтуды жөн көрдім.
…Өшпесе екен ошағыңда жанған от,
бітпесе екен көк түтіннің будағы
Біздер қазақы қалпы сақталған, талай игі жақсыларды дүниеге әкелген шағын ғана ауылда дүниеге келдік. Қойнауы құтқа толы Қоңырдың тұмса табиғаты ешкімді бей-жай қалдырмаған. Самал желі бетіңді нәзік қана желпіп өткенде құдды жұмақта жүрмін дерсің. Иә, расымен де ол менің жердегі жұмағым. Қанша уақыт сыртта, жырақта жүрсем де «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, туған жерімнің, үйімнің түтіні санадан өшкен емес. Адам қылып қалыптастырған, тұлға ретінде белімді бекем буған мекен. Біздің үйде таңғы сағат 06-да радио дауысы қосылатын еді. Радионың үнімен оянып, кешке сол үнмен ұйқыға кететінбіз. Бұл күнделікті әкемде әдет болып қалыптасқан. Пештің үстінде үнемі шәугім қайнап, жаңалықтар, түрлі әуендер естіп тамақтанып, үстел басында арқа-жарқа әңгімелесетінбіз. Бұлар менің бақытты балалық шағымның куәсіндей. Әкем газет-журнал оқығанды, онда жазылғандарды бізбен талқылауды жақсы көретін. Түрлі сауалдар қойып, пікірімізді тыңдайтын. Ойлап отырсам сол сәттен бастап мені әдебиет пен мәдениет әлеміне баулып өсірген екен. Кез келген кішкентай бастамаларымды үлкен жетістікке балап, қолдап-қолпаштап отыратын. Қазіргі өмірімде ата-анамның сол сенімінің үлесі зор. «Қызымның қолынан келеді» деген жылдар бойғы сенім екен ғой мені өшірмей, керісінше өсіріп, жетелеп келе жатқан. Жұрттың баласымен салыстырып, жанымды жараламады. Талап етуді де әдемі үйлестіре білген екен-ау.
Күтпеген тағдыр тармағы
Ол шаңырағын шайқалтпай, ұрпағына тағылымды тәлім-тәрбие бере білгенімен биік, өр еді. Біздер үшін тағдыр тауқыметін арқалаған әкеме титтей де болса жақсылық жасап үлгермедім. Адал ісімнен тапқан қаражатыма бір үзім нан әкеліп татқыза алмадым. Жоғарғы оқу орнын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқан қарлығашының жемісін көруді жазбапты. Сіз оқып отырған мақаланы жарыққа шығаруға түрткі болған кеудені кернеген сағыныш пен өкініш. Тым болмаса осылай перзенттік борышымды өтейін… «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Іс-әрекетімен, ғибратқа толы насихатымен жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажырата білуді түсіндіріп, дұрыс қадамға бағыттай білді. «Ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген сөздерімен ұғындыра алды. Әкем «білім алыңдар», «таным көкжиегін кеңейтіңдер», «асқақ арман, биік мақсатқа ұмтылыңдар», «адам деген атқа лайық болыңдар», «қызмет тізгінін ұстаңдар», «адалдық туын жықпаңдар», «тек өздеріңе сенім артыңдар» деп айтып отыратын. Жұмсақ әрі қажет кезінде қатал болуды үйретті. Дана халқымыз қызын еркелеткен, бірақ еркінсітпеген. Әдепке үйреткен, жамандыққа әдеттендірмеген. Кішкентайымнан шешім қабылдауды өзіме тапсыратын. Әрдайым ақылдасып, санасып отырды. Ондағысы жауапкершілік жүгін түсініп өссін дегені болар, мен де одан есіріп кетпедім. Өзіме артылған сенімге селкеу түсірмеуге тырысып, етек-жеңімді жинап жүрдім. Әкем екеуміздің арамызда көзге көріне бермейтін нәзік жіп секілді байланыс болды. Қыз баланың тағдырының оңай болмайтынын сезсе керек, әрқашан алаңдаулы болатын. Ауырсам қасымда отырды, есейіп кеткенімше жанынан тастамай, жетектеп жүрді. Бар тәттіні аузыма тосып, бар жақсыны тасыды. Менімен байланысты армандары көп еді…
Ол ешқашан тағдырына шағым айтып көрмеген жан. Әр келген қиындық, сынақты нағыз ер азамат ретінде көтере білді. Сондай қиын сәттің соңында бір жақсылық, игілік барына сенді. Барға қанағат, жоққа сабыр ете білді. Жұмыстың жеңіл-ауырына қарамастан еңбектенді. Қол қусырып қарап отырғанын көрген емеспін. Заманауи техника құралдары болса да күннің аптап ыстығына қарамастан шалғымен шөп шауып, арбамен тасып, жинайтын. Өзі істің басы-қасында жүретін. Таңмен таласа оянып, шаруаларды реттестіретін, көз алдымда еңбекқор қасиетімен дараланып қалды. Әр істе үлгі болды. Менің алдымда ешқашан қысқа шалбармен жүрген емес. Қыз қылығымен, ұятымен ардақты екенін жете түсіне білді. Ол өңір мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ансамбльде өнер көрсетіп, шәкірт тәрбиеледі. Аспаптың барлық түрін еркін меңгерген. Саф өнерге деген сол қабілеті маған да дарыды. Әке жолын жалғастырып, оркестрдің құрамынан табылдым. Бұл фәниден бақи дүниеге кеткеніне де 10 жыл уақыт өте шығыпты. Кең жайылған қанатының саясында алаңсыз асыр салған күндерді еске алсақ қабаққа кірбің ұялайды. Мен оны бір сәтке де есімнен шығармадым, әрдайым дұғадамын. Осыдан өзге қолымнан ештеңе келмейтінін бала жүрек сезеді. Әкемнен көз жазып қалған уақытта аузымнан әлі ана сүті кетпеген, тағдырдың тосыннан келген жәйттеріне төтеп бере алмайтын аңғал, қауқарсыз кезім еді. Атым шауып, бәйге алғанда, hәм аяғым сүрініп, тасқа құлағанда оны іздедім, қолдауы маңызды еді. Өкінішке орай, өмірде барлығы біз ойлағандай, біз қалағандай бола бермейді екен. Тағдырыма налыған сәттерім де болды. Алайда, өмірімнің осы бір тармағына көндім. Қалай дейсіз ғой? Азғантай ғана құс қанат ғұмырында әкелік махаббатты, жылуды өн бойыма бар дүниеме жететіндей таратыпты. Ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанымен, мойнына жүктелген әкелік парызын толық өтеп кеткен екен. «Солай болуға тиіс» деген шарасыздықтан емес, шексіз махаббатпен жасады. Ол туралы ойлағанда кеудені мақтаныш сезімі кернейді. Тірі жетім атандырмаған бақытты балалық шағым үшін, таршылық көрмей өткен алаңсыз күндерім үшін, еркін бола алғаным үшін, қорғаным деп әрқашан алдына именбей бара алғаным үшін рухының алдында бас идім. Осыдан кейін қалай ғана шағымданайын?! Мұқағалиша айтар болсақ «Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!». Бәрі де өтеді-кетеді. Мына әлемде уақытты тежеп тұратын күш жоқ. Сынаптай сырғи береді, ғазиз жүрек бір күні болмаса бір күні соғуын тоқтатады. Ештеңе де, ешкім де қайтып оралмасы анық. Тек әдемі сәттер мен естеліктер мәңгілік жадыңда сақталады.
Қасиетті Құранда: «Алланың сендерге берген нығметін санайтын болсаңдар, санына жетпейсіңдер» деген. Сансыз нығметтердің бірі – ұрпақ сүю. «Босағасын алтыннан соқсаңдағы, перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» деген Шал ақын. Дүниені көрікті ететін – бала- шаға. Бүгінде әке мен аналар балаларының есінде қалай сақталып жатыр? Олардың санасы не дейді? Сіз ұл-қызыңызға дәл өзіңіздей жар кездесуін қалар ма едіңіз? Меніңше, бұл сауал әр ата-ананы толғандыруы тиіс деп ойлаймын. Мейірімді, үнемі жанынан табыла білген, баласының қалауын орындаған, сыйластығы жарасымды, демалыс, мереке уақытын тиімді өткізе білген, ең алғашқы қадамдарында қолдау танытқан, шағын мемлекеті жылулыққа толы, әлде, керісінше? Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған. Алайда, шақшадай ғана басымен қиындықты өткерген шырылдақ тағдыр иелері қаншама?! Балаңыздың балалық шағы — оның өмірлік бағдары. Әрнәрсе ең қажет кезінде болғанда әдемі. «Жұрттың сөзіндегі емес, балалардың көзіндегі адам маңызды» екенін ұмытпағайсыз!