Әділет саласында заң көмегі қолжетімді

219

Жетісу облысында әділет органдары қызметіндегі цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік баспасөз алаңында өткен брифинг барысында сала өкілі мәлім етті.

Спикер өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы: «Әрбір азамат өз сөздері мен іс-әрекеттерін заң тұрғысынан бағалап, оның құқықтық салдарын нақты түсінуі тиіс» деген сөздермен бастады. Президент тапсырмаларын орындау аясында Әділет министрлігі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды іске асырып келеді.

2025 жылы  өңірде  «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін  заң көмегі күндері» сынды жалпы саны 16 консультативтік-түсіндіру іс-шаралары өткізіліп, 2 351 адам қамтылды. Ауылдық елді мекендерде 79 «Құқық кабинеттері» ашылып, шалғай аудандардан 662-ден астам азамат жүгінген. Кабинеттерде заманауи ақпараттық жүйелер мен техникалық құралдар орнатылып, заңнамамен еркін танысуға барлық жағдай жасалған.

Президент атап өткендей, цифрлық реформалар шалғай аймақтардағы азаматтар үшін сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Осы орайда іске қосылған «E-ZanKomegi» ақпараттық жүйесі мен «Zan Komegi» мобильді қосымшасымен тұрғындар бейнеқоңырау арқылы заң көмегін онлайн форматта ала алады. Қазіргі таңда жүйеде 57 адвокат пен заң кеңесшісі жұмыс істеуде. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс істейтін бейнеқоңырау қызметі де іске қосылған.

«Е-нотариат» жүйесі арқылы бейнеқоңырау арқылы сенімхаттар мен келісімдер рәсімделіп, бүгінде 465 сенімхат пен 147 келісім заңдастырылған. Жүйеде QR-қол қою мен биометриялық сәйкестендіру сияқты қауіпсіздік шаралары қарастырылған.

Ал «Робот сот орындаушы» жүйесі азаматтарға әкімшілік айыппұлдарды онлайн төлеуге мүмкіндік береді. 20 АЕК көлеміне дейінгі берешек бойынша істер автоматты түрде қозғалып, азаматтар жеке сот орындаушыға жүгінбей-ақ айыппұлдарын төлей алады. Бұл жүйенің іске қосылуымен өңірде 24 775 іс қозғалып, 541 млн теңге өндірілді. Қызмет ақысының 25%-ынан босату нәтижесінде азаматтар 35,7 млн теңге үнемдеген.

2025 жылы «Робот сот орындаушысының» құзыреті 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, «Тараптар кабинеті» цифрлық құралы арқылы азаматтар атқарушылық істермен танысып, сот орындаушысына өтініш жібере алады.

Сонымен қатар, Әділет министрлігі жасанды интеллект элементтерін енгізіп, «Zan Komegi» қосымшасы мен «Әділет» жүйесі аясында құқықтық кеңес  беретін  чат-ботты  тәжірибелік  түрде іске қосты. Ол арқылы азаматтар тәулік бойы, демалыс күндері де, нақты заңнамаға сүйене отырып, тегін құқықтық ақпарат ала алады.

Құжаттарға апостиль қою қызметі де цифрлық форматқа көшірілді. Egov.kz порталы арқылы азаматтар апостиль қойылған құжаттарды қашықтан ала алады. Жыл басынан бері 127 қызмет онлайн түрде көрсетілген.

Сонымен қатар, заңды тұлғаларды тіркеу бойынша 277 мемлекеттік қызмет ұсынылса, олардың 11-і электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл қызметтер азаматтарға үйден шықпай-ақ, тәулік бойы қолжетімді.

Жетісу  облысында әділет органдарының цифрлық трансформациясы азаматтардың құқықтық қолжетімділігін арттыруға, уақыт пен қаражатты үнемдеуге бағытталған.

Арай Нұр

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз