Қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің міндетін атқарушы Жеңіс Андабеков Талдықорған қаласының жас спортшысы Еркежан Асылбай мен бапкері Әлішер Алтайұлын арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтап, қала әкімінің алғыс хатын табыстады.
Еске салайық, шілде айының 6-8 күндері аралығында Болгарияның Камчия қаласында Киокушинкай-кан каратэден Әлем кубогі өтті. Жарысқа 27 елден 350-ден астам спортшы қатысқан болатын.
Осы дүбірлі додаға Талдықорған қаласының С.Мұратбеков атындағы №9 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Еркежан Асылбай да қатысып, 14-15 жас аралығындағы қыздар арасында, 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, нәтижесінде I орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, «Қыздар арасындағы ең үздік техника» номанациясын да иеленді.
Еркежанның бұл жетістігі – тынымсыз жаттығу мен табандылықтың жемісі деп білеміз.
Еркежан Асылбай
Туған күні: 2006 жылғы 22 қазан
Туған жері және тұратын жері: Жетісу облысы, Талдықорған қаласы.
Спорттық мансап:
Еркежан Асылбай – Киокушинкай-кан каратэ спортынан танымал жас спортшы. Ол өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
2024 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен KWU Әлем кубогінде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, 27 елден келген 300-ге жуық спортшы арасынан күміс медаль иеленді.
Сол жылы Қазақстан чемпионатында Алматы облысы құрамасының мүшесі ретінде –45 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды.
2024 жылдың желтоқсанында өткен Азия чемпионатында 14–15 жас аралығындағы қыздар арасында Азия чемпионы атанып, тағы бір алтын медаль еншіледі.
2025 жылы Германия мемлекеті Лейпциг қаласында Киокушин каратэдан Әлем чемпионатынан 2 орын иеленді.
2025 жылы Болгарияның Камчия қаласында өткен Киокушин каратэден Әлем кубогінде чемпион атанып, Қазақстанның намысын тағы да абыроймен қорғады. Қыздар арасында ең үздік техника жүлдесін иеленді.
Жаттықтырушысы: Ахметжан Әлішер Алтайұлы
Қызметі: Жетісу облысының Киокушинкай-кан каратэ федерациясының жетекшісі — «Жетісу облысының киокушинкай-кан каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы
Лауазымы: ҚР спорт шебері, қара белбеу — II дан иегері
Федерацияның құрылып, тіркеліп, өңірдегі каратэ шеберлігін дамыту мен жарыстарға дайындау бағытында қызмет етіп келеді.
Оның басшылығында жас спортшылар түрлі халықаралық және ұлттық турнирлерге қатысып, бірнеше рет марапатталған.
Қара белбеу иегері ретінде жаттықтырушы және ұйым басқарушы рөлі үлкен тәжірибеге негізделген.
Өз тілшіміз




























