Жетісу облысында 7 қаржы пирамидасының заңсыз әрекеті әшкереленді

442

Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидаларының алдын алу және олармен күресу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл туралы Департамент басшысының орынбасары Мирас Құрбанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың мүлкін қорғау – басты міндеттердің бірі. Осыған орай, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз қаржы пирамидаларына қарсы кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыруда.

Бүгінде қаржы пирамидалары әлеуметтік желілерде белсенді насихатталып, азаматтарды оңай табысқа уәде беру арқылы тартуда. Олардың негізгі белгілеріне агрессивті жарнама, жоғары табыс уәдесі, салымшылар арқылы жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ өзін тұрғын үй кооперативі, микроқаржылық ұйым немесе қаржылық қызмет көрсету орталығы ретінде көрсету жатады.

2025 жылдың басынан бері Департамент тарапынан 165 заңсыз жарнама материалы бұғатталып, 3 Instagram парақшасы мен 1 WhatsApp чатының қызметі тоқтатылған. Бұл парақшалардың жалпы аудиториясы 132 мың адамға жеткен.

«Қаржы пирамидаларының ақпарат тарату арналары күн сайын жетіліп келеді. Әсіресе мессенджерлер арқылы тез таралып, жойылғаннан кейін қайта ашылуы – оларды анықтау мен бұғаттауды қиындатады», — дейді департамент өкілі.

Осыған байланысты Агенттік Telegram желісінде «Байқа пирамида!» атты арнайы бот әзірлеген. Аталған құрал арқылы кез келген азамат күдікті жобаларды тексеріп, пирамиданың белгілерін анықтай алады.

Жетісу облысында қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, мәдениет үйлері, базарлар, ХҚКО, мешіттер мен білім беру мекемелерінде аудио-бейне хабарламалар таратылып, 7 мыңнан астам студентті қамтыған арнайы лекциялар ұйымдастырылған.

2023-2025 жылдар аралығында облыс аумағында 7 қаржы пирамидасының заңсыз әрекеті әшкереленген. Салымшылардың басым бөлігін мұғалімдер, үй шаруасындағы әйелдер және қандастар құраған.

Биылғы жылдың ақпанында республика бойынша жүргізілген арнайы операция нәтижесінде «Asar Baspana» қаржы пирамидасының әрекеті тоқтатылды. Ұйым азаматтарды тұрғын үй, көлік және тұрмыстық тауарларға инвестиция салуға үгіттеп, 30 пайызға дейін ай сайынғы табысқа уәде берген.

Кез келген бизнес – тәуекел мен еңбекке негізделеді. Қаржы пирамидасы – бұл жеңіл жолмен байлыққа жеткізетін құрал емес, керісінше алдану мен шығынға ұшыраудың тікелей жолы, —  деп ескертті департамент басшысының орынбасары.

Департамент өкілі тұрғындарды қаржылық сауаттылықты арттырып, күмәнді жобалардан сақ болуға шақырды. Егер азаматтар қаржы пирамидасының  белгілерін байқаса, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне немесе 24-11-25 сенім телефонына жүгінуге кеңес берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз