Жаңа оқу жылында Жетісуда 1 сыныпқа 13 мыңға жуық бала қабылданады деп жоспарланып отыр

Жетісу облысы бойынша бүгінгі күнге дейін ата-аналардан балаларын 1-сыныпқа қабылдау туралы 9700-ден астам өтініш түскен. Жалпы алдағы жаңа оқу жылына өңірдегі 315 жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына 13 мыңға жуық бала қабылдау жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы 1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірден басталды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 9717 өтініш түссе, соның 77% жуығы мемлекеттік тілде оқуға өтініш берген. Бұл ретте 3429 өтініш, яғни ең көбі облыс орталығы Талдықорған қаласынан түсіп отыр.

Еске салсақ, ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz. веб-порталы арқылы тапсыра алады. Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата — анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.

Портал арқылы өтініш тапсыру үшін ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің өтініші; «Профилактикалық екпелер картасы» № 065/у нысанды және «Бала денсаулығының паспорты» № 052-2/у нысанды медициналық анықтамалар; баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретi қажет. Құжат қабылдау осы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз