Бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет

320

Мемлекет басшысы Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2023 жылғы 12 маусымды Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

 Заң тұрғысынан алғанда, аза тұту мерзімі ішінде барлық мемлекеттік және әкімшілік ғимараттардағы туларды тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсіріледі. Бүкіл ел бойынша мәдени-көпшілік іс-шаралар тоқтатылды. Алапат өрттің кесіріне 14 адам қаза тапты, бұл үлкен қасірет. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына барып,  «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтқандығын теледидардан көрдік.

 Мемлекет басшысы: «Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз»,– деген сөздерді зор тебіреніспен айтты.

Әрине, бұл сол аймақтың емес, күллі қазақ жұртының басына келген   қасірет. Мұндай қайғылы істер қайталанбас үшін  жауапкершілік басты орында тұруы керек.

                                                                                                       Динара Аужанова,

                                                                                                          көп балалы ана.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз