Қарапайым информатика пәнінен басталып, шығармашылық пен технология тоғысқан сабақтарға ұласатын ерекше бір сынып бар. Бұл – Талдықорғандағы Қ.Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің мұғалімі Мәулен Қалиевтің кабинеті.
Мәулен мырза – бүгінгі мектептің бет-бейнесін өзгертетін жаңа толқын ұстаздарының бірі. Сабақ кезінде оқушылар қол көтеріп жауап беріп қана қоймайды — олар ойлайды, салыстырады, талдайды және цифрлық ортада еркін жұмыс істейді. Оның басты құпиясы – TopIQ платформасы. Бұл жай ғана платформа емес, әр оқушының мүмкіндігін ашуға көмектесетін, мұғалімнің шығармашылығын толықтыратын нағыз «ақылды көмекші». Сабақ жоспары, тапсырмалар, сараланған бағалау – бәрі бір жерде. Ең бастысы — бұл құрал Мәуленнің өз идеяларын жүзеге асыруына кедергі емес, керісінше серіктес.
— Балалармен бірге үйрену, бірге таңқалу – ең керемет нәрсе. Цифрлық құралдар менің сабағымды түрлендіріп қана қоймай, балалардың өз-өзіне деген сенімін арттырады, — дейді ұстаз.
Мәулен Қалиев тек пән мұғалімі емес — мектептің белсенді тұлғасы. «Екі жұлдыз» ән байқауында жүлдегер атануы оның өнерге де жақын екенін көрсетсе, робототехникадан облыстық 3-орын алған оқушылары — ғылым мен технологияға деген ынтаны ояту жолындағы еңбегінің дәлелі.
Ол үшін мұғалім болу – жай мамандық емес. Бұл — шабыт беру миссиясы. Жаңашылдық, технология, өнер мен ғылым – бәрі бір адамның бойынан табылып тұрса, мектеп өмірі де жанданады.
Өз тілшіміз





























