дереккөз

Мұқағали Мақатаев  аз ғана ғұмырында   қазақ әдебиетіне толымды еңбек сіңірді. Ол бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынды. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағың» ,«Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған.   45 жасында қайтыс болған ақынның артында қалған мол мұрасы  — оқырманның қолынан түспей, іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.  Себебі, ол «қазақтың күпі  киген қара өлеңін шекпен жауып»  өзіне  қайтарған ақын.

С.Сейфуллин атындағы  Алматы облыстық әмбебап кітапханасында лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай айтулы кеш өтті.  Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақтың маңдайына біткен ұлы перзенттің шығармашылығын дәріптеп, жас ұрпаққа әдебиетіміздің алтын қорына енген өнегеге толы жырларды насихаттау – басты мақсат екен. Кездесу барысында ақын өмірі мен шығармашылығына арналған бейнесюжет көрсетілді.  Кездесуге келген қонақтар өз естеліктерімен және жылы лебіздерімен бөлісті. І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің оқытушысы Дүйсен Аңсабаев  Мұқағали жайлы естелік айтып берді. « Менің  тұстарым, замандастарым бала кезімізден  әдебиетке, кітап оқуға өте  құштар едік.  Кітап оқудан  алдымызға жан салмайтынбыз. Сол арман қуалап Алматыға барған тұста  Мұқағали ақынды М. Горький атындағы демалыс  саябағынан  кездестірдім. Аты аңызға айналған ақынды көрудің өзі бақыт еді! Өзін қаумалаған  жас ақындарға сиясы кеппеген  өлеңін оқып тұрған сәті есімде қалыпты. Қазақ әдебиетінің поэзия әлемінде  өмірінің соңына дейін тынымсыз  жұмыс жасаған Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаев.  Жас балалар, сендер  кітап оқыңдар.  Бүгінде самғауы биік қазақ жырының сырлы өлкесінен орын тепкен  — Мұқағали Мақатаевтың саңлақ үні халық санасына сіңді деп айтуға негіз бар. Себебі,  жас ұрпақ оның жырларын оқиды»,-деп  өз ойын білдірді.

Ақын Жангелді  Немеребаев,  Б.Римова атындағы  облыстық драма театрының   әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері , «Райымбек, Райымбек!» қойылымында Мұқағалидың рөлін   сомдаған Кендебай Темірбайұлы қатысушыларға    тілектерін арнады. Салтанат Құмар  ақын сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді» атты әнді шырқады. Жас әдебиетшілерден құралған «Жыр жауһары» клубының  мүшелері Мұқағали жырын мәнерлеп оқыды.

Әдеби-сазды кеште ақын  өмірі мен шығармашылығын қамтыған «Поэзия алыбы — Мұқағали» атты кітап көрмесінің таныстырылымы өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK