Талдықорғанда қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуі басталды. І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде өтіп жатқан шаһар басшысының қорытынды есебіне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысуда, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Кездесу барысында алғаш сөз тізгінін алған қала әкімі алдымен 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға шолу жасады.

Ғ.Әбдірайымовтың сөзінше, облыс орталығының әкімшілік ауданы ағымдағы жылдың басында 38,5 мың гектарды құрапты. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні қалада 174 мың 900 тұрғын ресми тіркелген.

«Өткен жылы біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауындағы барлық тапсырмаларды іске асырдық. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,8 %-ке орындалды. Қала экономикасына 66,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 102,3 %-ті құрады», — дейді Ғалымжан Райылұлы.

Сонымен қатар, қала басшысы құрылыс жұмыстарының көлемі 39,6 млрд. теңгені көрсетті десе, ауыл шаруашылығы 23,2 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Ал, өнеркәсіпте нақты көлем индексі 107,2 %-ті (76,0 млрд.теңге) құраған.

Одан бөлек, Ғ.Әбдірайымов статистикаға сүйеніп, 88 мың еңбекке қабілетті адамның 47 мыңы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бұл қала халқының 27 %-тін қамтиды. Мүгедек азаматтардың саны 33,9 мың адамды құраса, 4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген, 18,5 мың азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Қаладағы орташа жалақы 131 мың, күнкөріс деңгейі 27 мың теңге.

Сондай-ақ, шаһар басшысы өндіріс көлемін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

«Құрметті қауым! Өздеріңіз білетіндей, тұрақты жұмыс орындарының аз болуы бюджет кірісінің көлеміне кері әсерін береді. Осыны ескере отырып, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы бізге заманауи технологияларды өндіріске енгізуді, құрылыс саласына жеке инвестицияларды тартуды, сол арқылы тұрақты жұмыс орындарының санын көбейтуді, Талдықорған қаласының әл-ауқатын жақсарту міндетін қойды. Бұл бағытта 2019-2023 жылдарға арналған жоспарға сәйкес өнеркәсіп секторына 28,7 млрд. теңге инвестиция тартылады, оның ішінде 2019 жылы 2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 3 жаңа өндіріс орны іске қосылды және 2 өндіріс кеңейтілді, 47 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл осы салаға 6,6 млрд. теңге тарту жоспарымызда бар», — дейді қала әкімі.

Толығырақ ақпарат қосымша хабарланатын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK