Биыл Талдықорғанға 36 жаңа автобус сатып алынады. Қоғамдық көліктердің ұзындығы сегіз және он жарым метрді құрайды деп күтілуде. Оған қомақты қаржы да бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың тұрғындар алдында берген есепті кездесуінде мәлім болды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Бұл жолы шаһар басшысы №25 мектепте саяжай қоғамдастықтарының, солтүстік-батыс және батыс тұрғын аудандарының тұрғындарымен кездесті. Әкім онда өткен жылда атқарылған жұмыстарды баяндап, артынша халықтың түрлі сауалына жауап берді.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Атап айтсақ, жиында әсіресе, автобустардың жүру кестесіне көп сын тағылды. Қала сыртындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктердің уақытылы жүрмейтіні тұрғындардың наразылығын тудырған. Балалар кешкі уақытта сабақтан кейін аялдамада автобусты ұзақ күтіп тұруға мәжбүр. Ал, сенбі және жексенбі күндері автобустардың жүру уақытының аралығы тіптен ұзап кетеді.

Осы орайда, тұрғындардың назын тыңдаған шаһар басшысы жолаушылар тасымалымен айналысатын мамандарға нақты тапсырма беріп, аталған мәселені аз уақыттың ішінде шешуді тапсырды. Сондай-ақ, қала әкімі халықтың өтінішін ескеріп, оқушыларға арналған арнайы автобус жүргізуді қарастыратынын айтты.

Кейін «Үйтас» саяжайындағы жарық шамдардың жоқтығы және ондағы аспалы көпірдің апатты жағдайы сөз болды. Осыны ескерген қала басшысы саяжайдағы жарық мәселесі биылдан қалмай шешіледі десе, аспалы көпірге уақытша жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруге уәде берді.

Келесіде 4-ші шағын аудандағы 7-ші үйде пәтер иелері кооперативінің жұмысы жүрмей тұрғаны айтылды. Тұрғындардың сөзінше, соның салдарынан дәлізде жарық жоқ, подъездің домофоны істен шыққан. Осы мәселені шешу үшін ПИК-тің жұмысын қолға алатын бір адам қажет.

Осы орайда, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы сөз алып, тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, бұл мәселені халық өздері шешуі керектігін алға тартты. Яғни, ПИК-тің басшысын тағайындауға мемлекеттік органдар араласа алмайды. Бірақ, тұрғындар өзара келісіп, бір адамды таңдаған болса, әкімдік тарапынан оның құжаттарын рәсімдеуге көмектесуге болады, — дейді әкімдіктегілер.

Қаланың солтүстік-шығыс ауданындағы көшелерге асфальт төсеу, газға қосылу мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар, сол маңдағы тұрғындар көшедегі құдықтардың қақпағы үнемі ашық жататынына наразы және учаскелік полицияның жұмысына көңілдері толмайды. Тіпті, халықтың басым бөлігі тәртіп сақшыларын танымайтындарын айтып отыр.

Біз алдағы уақытта барлық құдықтардың қақпағын құлыптайтын боламыз. Сол кезде қауіп те сейіледі деп ойлаймын. Ал, аталған ауданның жолын жөндеу үшін оның жобасына биыл 57 млн. теңге бөлдік. Егер жоба іске асса, жолдар шетінен жөнделеді. Газды да кезегі келгенде тартатын боламыз, — деді Ғ. Әбдірайымов.

Солтүстік-батыс тұрғын ауданында да жол мәселесі көптен бері шешілмей келеді. Және сол мекенде екі трансформатор қоршаусыз тұр. Тұрғындар әкімнің осыған көңіл бөлуін сұрады. Өз кезегінде Ғалымжан Райылұлы, күн жылынған уақытта аталған жерге барып, жолдың жағдайымен танысатынын айтты. Ал, қоластындағыларға трансформаторды қоршап, халыққа қауіп тудырмауды тапсырды.

Сұрақ-жауап кезеңінде «Көктал» шағын ауданының тұрғыны, көпбалалы ана тұрғылықты жерінде шаштараз ашып, кәсібін дөңгелеткісі келетінін білдірді. Оған жауап берген қала әкімі оқыған құжаты болған жағдайда мемлекет тарапынан көмек болатынын айтып, 530 мың теңге көлемінде грант немесе төменгі пайызбен 7 жылға дейін несие алуға болатынын айтты.

Өз кезегінде сөз алған «подхоз» елдімекені аталған 1-ші бөлімшенің тұрғыны 12-ші үйге жөндеу жұмыстары қашан жүргізілетінін сұрады.

Мен өткенде ол жерге барғанмын. Ондағы үй иелерінің көбісінде құжаттары жоқ. Үйді сатып алған, бірақ құжаты рәсімделмепті. Біз заңнан аттап, құжаттары жоқ үйге жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Бұл мәселені шешу үшін сотқа жүгіну керек. Біз сіздерге қорғаушы жағынан көмектесейік, әрі қарай өздеріңіз қозғалуларыңыз қажет, — деді шаһар басшысы.

Келесіде Ерғали есімді азамат «Қызылтас» саяжайынан шыға берісте Желтоқсан көшесіндегі аялдаманың қасына жаяу жүргіншілер жолағын жасап беруді сұрады. Айтуынша, сол маңда 300 отбасы тұрады екен. Демек, 300 бала күнделікті жоғарыда аталған көшені кесіп өтеді деген сөз. Өткен жылы бір кішкентай қызды көлік қағып кете жаздапты. Тұрғынның бұл сауалын тыңдаған қала қала әкімі мәселе шешілетінін айтып, қызметкерлеріне тапсырма берді.

Жиын соңында тұрғындар қала әкімінің атқарған ісіне «қанағаттанарлық» деп баға берді. Есепті кездесуден соң шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов 20-дан астам азаматты жеке мәселесі бойынша қабылдады. Соның ішінде коттеджді қалашықтан үй алған бір топ көпбалалы ана әкімнен алған үйлерінің құжаттары қашан рәсімделетінін сұрады. Сонымен қатар, олар баспаналарын өз аттарына меншіктеуге көмектесуді өтінді.

Қала әкімі үйдің құжаттары наурыз айының аяғына дейін рәсімделіп, кейін үй иелеріне берілетінін айтты. Алайда, коттеджді қалашықтан бой көтерген үйлер жалдамалы болғандықтан, оны үй иесі өз атына бір жолға меншіктей алмайтынын түсіндірді. Айтуынша, қазір жалдамалы үйдің ай сайынғы төлемі қанша теңге болатыны қарастырылуда. Дегенмен, ол қаражат арзан болады, — дейді Ғ.Әбдірайымов.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK