Орман қорғап, өсімдіктерді аялау – ортақ іс

445

Жаңа жыл мекерекесі жақындаған сайын орманшылар қауымынан маза кететіні анық. Себебі, бұл тұста заңсыз ағаш кесушілер қатары артатындықтан орман алқаптарын көздің қарашығындай сақтауға тура келеді. Бүгінде «Жоңғар» орманшаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 14-айналымына  тиесілі жер көлемі 4200 гектардан асады. Оның 1000 гектарға жуығы орман алқабы. Орманды жыл бойы өрт және заңсыз ағаш кесушілерден  сақтау қорықшылар үшін басты міндет.

Нақтырақ айтсақ, жаз айы ормандағы өрт апатының тез туындайтын мезгілі болса, қысқы уақыт баяу өсетін қылқан жапырақты ағаштардың заңсыз оталып кететін шағы. Мұндай жайттар біріншіден, азаматтардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан туындаса, екіншіден, табиғатты аялау көпке ортақ іс екенін түсінбеушілігінен туындайды. Сондықтан, біз – орманшылар табиғат аясына келіп демалушыларға және ұрланып ағаш кесушілерге  арнайы жасақталған жадынамаларды үлестіріп, орман қорын бірлесе қорғауға, табиғатты аялауға шақырып тұрамыз. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарында орман алқаптарын өрттен қорғау жөнінде жиі айтып отырғаны да абзал. Әсіресе, өмірден алынған мысалдарды келтіре отырып,  газет, радио, теледидар арқылы өрт қауіпсіздігі ережелерін көпшілікке түсіндірудің маңызы зор. Біз өз тарапымыздан орманға барар жолдарда, демалатын жерлерде, орман жұмыстары жүріп жатқан жерлерде түрлі түсті плакаттар, хабарламалар арқылы өрттен сақтандырулар және заңсыз ағаш кесуге болмайтыны  туралы ақпараттар іліп қойғанбыз. Алайда, оны орманға келушілер көп ескере бермейді. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы — орманды тілсіз жау өрттен қорғауға, беталды сындырып, кесуден аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз. Сол үшін орман – елдің байлығы жердің көркі. Азаматтар жаңа жылдық бір күндік қызыққа бола орманды отап, баяу өсетін өсімдіктердің тамырына балта шабудан қорғауы тиіс. Табиғатты аялап, орманды алқаптарды қорғау  жұртқа ортақ.

                                                                    Жайлаубек Сейсембаев, орманшы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз