Қазір күздің қара суығы дендеген шақ. Қылышын сүйретіп қыс та таяп қалды. Яғни, үйде от тұтатып, нағыз көмір жағатын мезгіл. Алайда, облыс орталығында қатты отын жетіспей жатыр. Бүгінде көмір сату қоймаларына келген жүк көліктері апталап кезек күтуге мәжбүр, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Айталық, жақында көмір тапшылығына алаңдаған жергілікті тұрғындар шу шығарып, мәселенің шешілуін талап еткен болатын. Осыған орай қалалық мәслихат депутаттары мән-жайды анықтауға шұғыл түрде кірісіп, аталмыш мәселеге жауапты тұрғын үй-комуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарымен көмір қоймасына барды.

Ол жерде жүргізушілермен, көмірқойма басшыларымен кездесу өтті. Белгілі болғандай, көмір тапшылығы тасымалдаушы вагондардың аздығынан орын алуда. «Сауда-Көмір» серіктестігінің директоры Талғат Диқанбаевтың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» компаниясы вагондарды бермей жатыр. Көмірдің жетіспеуі осының салдары дейді ол.

«Негізі, қысқы мерзімге қала тұрғындарына жалпы 100 мың тонна көмір қажет. Бүгінде шаһардағы көмір қоймаларына қала тұрғындары үшін 70 мың тонна қатты отын жіберілді. Жақын күндері тағы 30 мың тонна көмір келеді», — дейді Талдықорған қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерүшісі Алмас Барлыбеков. Оның айтуынша, қазір Матай станциясында жеті, Ақтоғайда сегіз, жалпы 15 вагон көмір Талдықорғанға қарай келе жатыр. Шамамен 2-3 күннің ішінде қалада көмір болады.

Жоғарыда атап өткен жүк көліктерінің басым бөлігі аудандардан келген. Қаладағы көмірдің көбісін солар тиеп әкетіп жатыр. Осының нәтижесінде шаһар тұрғындары қатты отыннан қағылуда. Бұл жағдайды ескерген халық қалаулылары көмір қоймаларының басшыларына өз ұсыныстарын жеткізді. Яғни, қазіргі күрделі жағдайға байланысты аудандардан келген көліктерге беретін көмірдің мөлшерін сәл азайтуды сұрады. Сондай-ақ, қала тұрғындарына да 3 тоннадан артық көмір бермеу керектігін айтты. Себебі, қатты отын барлығына жетуі керек.

Айта кетейік, қалада болып жатқан көмір тапшылығына байланысты қалалық мәслихат депутаттары мәселені кеңінен шешу үшін Алматы облысының мәслихатына шұғыл түрде өз сұраулары мен ұсыныстарын жіберді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK