Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сай Алматы облысын екіге бөліп Жетісу облысын жаңадан құру шешімі жүзеге асқанына міне бір жыл толды. Осы барыста өңірде қыруар жұмыстар атқарылып, облыс орталығындағы әр салада тың өзгерістер болып жаңаша дамуға қадам басты. Мәселен, бұрынғы Алматы облысына қарасты Талдықорған гарнизоны Жетісу гарнизоны болып өзгертіліп, жаңаша іс бастады. Тағы бір қуантарлық жайт облыс екіге бөлініп шыққаннан кейін жаңа облысқа жаңа өзіндік елтаңба бекіту үшін конкурс ұйымдастырылған болатын. Содан 55 жобаның ішінен біздің қарулас ағамыз Жетісу облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жасақтау және әскерден тыс жұмыс басқармасының инспекторы Дауренбаев Есет Жеңісұлының жобасы таңдалып алынған еді. Біз Жетісу гарнизонының жеке құрамы Есет Жеңісұлын мақтан тұтамыз. Бұл да жастарға беретін патриоттық тәрбиенің бір үлгісі деп білеміз.
Жер жәннаты — Жетісу саналатын мекеніміздің өсіп-өркендеуіне біз кәміл сенеміз. Болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болсын! Ел мен жердің игілігі үшін атқарылып жатқан еңбектеріміз толағай табыстарға толып, биік шыңдарға жетелей берсін!
Майор Жанат СЕМБАЕВ,
Жетісу гарнизоны баспасөз
қызметінің басшысы.