Жыл сайын 24 маусымда «Судья және сот қызметкерінің күні» атап өтіліп келеді. Осы күн, яғни, 1992 жылдың 24 маусымында Заң қабылданып, тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақ КСР сот құрылысы туралы» Заңға алғашқы түзетулер енгізілді. Сол заң қабылданған күннен бастап 33 жыл ішінде сот жүйесі реформалар мен жаңғыртудың бірде-бір кезеңінен өтті. Біз Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД Талдықорған қалалық пробациялық қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Шыныбеков Еркін Бекенұлы өз қызметтері турасында сұрақтарға жауап берген еді.
— Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Сіздер соттылығы бар азаматтармен қандай жұмыстар жүргізіп келесіздер?
— Әрине, Пробация қызметі оңай іс емес. Кез келген адамның түрмеде өткен өмірі оның болашағына кедергі болмауы тиіс. Жалпы, біздегі әрбір түзету мекемелері жазасын өтеуші әр азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін жеке бағдарлама жасайды. Онда нақты көмек түрлері көрсетіледі. Тәрбие жұмысымен қатар, оның құқықтары мен міндеттемелері түсіндіріліп, бостандыққа шыққаннан кейін қайда тұратыны, қайда жұмыс істейтіні, туыстарымен қарым-қатынасы, сондай-ақ, әлеуметтік қажеттіліктері сұралады. Қызметкерлер пробациялық бақылау есебін жүргізіп, сот жүктеген міндеттерді орындау тәртібін және олар орындалмаған жағдайда туындайтын салдарды түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізіп келеміз. Үшіншіден, Пробациялық бақылауды жүзеге асыру мен тоқтату тәртібін және бұзушылықтар үшін жауапкершілікті, төртіншіден, әлеуметтік-құқықтық көмек алу (немесе одан бас тарту) тәртібін түсіндіреді.
Бұл ретте, Пробация қызметінің мақсаты – күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу; сотталған адамды әлеуметке қосу; қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады. Негізгі жұмыстары Конституциялық негіздерді дамытуға, заңдылықты қамтамасыз етуге, жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
-Пробациялық есепте тұрған азаматтарды жұмысқа орналасу жайына тоқталсаңыз.
-Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Талдықорған қалалық пробация қызметі бөлімінің 2025 жылдың 5 айындағы есептік көрсеткішке сәйкес, Талдықорған қаласы бойынша қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түріне сотталған 407 адам (2024 жылы-370) пробация қызметінің есебінен өтті. Сондай-ақ, облыстық, қала, аудандық соттардан 78 (2024 жылы -57) сотталғанға қатысты үкім орындауға түсті. Жыл басынан-67 (2024ж.-72) сотталған пробация қызметінің есебінен шешілген.
Қазіргі таңда, Талдықорған қаласы пробация қызметінің есебінде 2025 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша саны – 340 (2024 жылы -298) сотталғандар есебінде тұр. Оның ішінде 242-сі бас бостандығынан шектеу жазасына сотталғандар, 3-еуі кәмелеттік жасқа толмағандар, 63-і
шартты түрде жаза алғандар, 12 әйелдің жаза мерзімі кейінге қалдырылған болып есептеледі. 3 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 20 адам белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру санатында.
Сонымен қатар , ағымдағы жылдың қыркүйек айына Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 сотталғанға қатысты қысқа мерзімді 3 айлық кәсіби оқыту курстары ұйымдастырылуда. Аталған курстар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша ашылады. Электр монтер, жиһаз жинаушы, тігінші, шаштараз бойынша қысқа мерзімді курстардан өтуде.
—Жазаны өтеу кезінде тәртіп пен шарттарды бұзу фактісі орын алды ма?
-Жыл басынан Талдықорған қаласының өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына, есепте тұрған тұрғылықты жері жоқ мұқтаж екі сотталған азамат жатқызылды. Сонымен қатар, алкогольдік ішімдікке және есірткі заттарға тәуелді 8 сотталғандарды наркологиялық диспансерге жатқызып, арнайы медициналық жолмен бірнеше кезеңнен тұратын емдеу жұмыстары жүргізілді.
Сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеу тәртібімен міндеттерін орындамай, пробациялық бақылаудан жасырынған 21 сотталғанға қатысты іс-құжаттары қалалық сотқа жолданып сот қаулысымен сотталғанның сот үкіміне сәйкес жаза түрі өзгертіліп бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді, 3 сотталғанға бас тартылды, қалған 15 сотталғанның құжаттары қаралуда.
Талдықорған қалалық прокуратура қызметкерлерімен және жергілікті учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп мобильді топ құрылып 7 рет түнгі уақыттарда сотталғандардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша, ойын-сауық орындары тексеріліп, 12 сотталғанға қатысты жаза өтеу тәртібін бұзғандары анықталып, жазбаша ескертулер берілді.
Қайта жасалған қылмыстық құқықбұзушылық дерегінің орын алуы, сотталғандардың жан-жақты жүргізілген жұмыстарға қарамастан, түзелу жолына түспеуі олардың өмірге деген тұрақтылығының жоқтығы болып табылады. Бұған қоса, қайта қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуда ай сайын қала прокуратурасы, жергілікті полиция қызметкерлері және пробация қызметкерлерімен бірлесе құрылған мобильдік топ сотталғандарды түнгі уақыттарда, ойын-сауық орындары және тұрғылықты жері бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізуде сондай ақ, олардың жақын туыстарына сот жүктеген міндеттері жаза өтеу тәртібі туралы түсіндіріп, әлеуметтік және психологиялық көмек тағы да басқа сұрақтар бойынша сұхбат жүргізіліп келеді.
Бұған қоса, аталған тұлғалар тарапынан орын алатын қайталама қылмыстың алдын алуда, есепте тұрған сотталғандардың қазіргі және бұрынғы соттылықтары бойынша талдау жасалып, ауыр және аса ауыр қылмыстық жауапкершілікке тартылған және қайта қылмыс жасауға бейім тәуекелі тобы жоғары 22 сотталғанға электрондық білезік тағылды, оның ішінде электронды браслеттің көмегімен жаза өтеу тәртібін бұзған 3 сотталған анықталып, іс құжаттары Талдықорған қалалық сотына жолданған.
-Тұщымды сұхбатыңыз үшін рақмет.