Талдықорған қаласы әкімі мектеп менторларымен жүздесті

240

Талдықорған қаласының әкімі Бәзіл Ернат Дүйсенбекұлы  Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторлармен  кездесті.

Кездесу барысында 2024-2025 оқу жылында менторлармен бірлесіп атқарылған жұмыстар қортындыланып, алдағы міндеттер мен жоспарлар талқыланды. Еркін форматта өткен жиында менторлар өз ұсыныстары мен мектептегі өзекті мәселелерді ортаға салынып, ұсыныстар да айтылды.

Қала басшысы Ернат Бәзіл айтылған ұсыныстарды қолдайтынын білдіріп, алдағы оқу жылын тың серпінмен бастауға тілектестік білдірді.

«Өздеріңізге белгілі, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен 2023 жылы «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы жүзеге асырылған еді. Қазіргі таңда облыс бойынша 120, ал Талдықорған қаласы бойынша 31 ментор жұмыс істейді. Олар 9 бағыт бойынша арнайы әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл жоба жастар тәрбиесінде оң нәтижесін көрсетеді деп сенемін. Кез келген елдің ең үлкен байлығы – адами капитал, яғни сіздер – ел болашағын тәрбиелеп келесіздер. Сондықтан мемлекет  тарапынан жас ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Қатаң бәсекелестік жағдайында ілгерілеуге, біртіндеп жетістікке жетуге көмектесетін, ол ең алдымен – білім. Қолға алынған  әдеп-құқықтық тәрбие жұмысы жөніндегі менторлық жоба суицид, буллинг және кибербуллинг, лудомания, интернет-алаяқтық, нашақорлық сияқты мәселелер белең алған қазіргі ақпараттық әлемде, ең бірінші, балаларды  қорғауға бағытталған. Бұл ретте сіздердің тәлім ретінде балалармен  өзара түсіністікте болуларыңыз біз үшін өте маңызды», – деді қала әкімі.

 Қолға алынған  бұл «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының негізгі мақсаты — оқушылардың жеке дамуы мен оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру. Бүгінгі заманғы өзектілігін ескере отырып, жобалық кеңсе жұмысының негізгі бағыттарына балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, нашақорлықтың, лудоманияның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу, жыныстық қол сұғылмаушылықты қалыптастыру (ерте жүктіліктің алдын алу), салауатты өмір салтын насихаттау, мамандық таңдау және кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ шығармашылық ойлауды және қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыптары таңдалып алынған.  Жобаны іске асыру басталғаннан бері оқушыларға түрлі өзекті тақырыптар бойынша   221 кездесу өткізіліп,  оған саясаткерлер, депутаттар, құқық қорғау саласы қызметкерлері, кәсіпкерлер қатысып, лекция оқылған. Тағылымды кездесуге 18 мыңдай оқушы қатысыпты. Кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан 55 адам өтіпті. Осы жылы 21 мектепте 62 оқиға орын алды. 3681 жеке кеңестер беріліп, қаржылық сауаттылық, зорлық-зомбылық, лудомания, буллинг және кибербуллинг, құқық бұзушылық бойынша профилактикалық кездесулер, түрлі шаралар үзбей өткізіліп келеді. Есепте тұрған 102 баламен жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, кездесуде  Жетісу облысының Азаматтық Альянсы президенті, облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дания Қыдырбаева  бала  иілген ағаш тәрізді, қалай бағыттасаң солай өседі. Сондықтан  да ұрпақ тәрбиесінде қателікке жол жоқ деген ойын білдірді.

Кездесу соңында менторлардың   жұмыстары сараланды. Үздік менторлар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз