ШЕКТІБАЕВ ТӨЛЕУБАЙ
(20.11.1925 — 23.05.2025)
Шектібаев Төлеубай 1925 жылғы 20 қарашада Семей облысы, Жарма ауданына қарасты Скотовод кентінде дүниеге келген. Балалық шағы сол өңірде өтті. Мектепте 7-сынып оқып жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталып, білімін жалғастыруға мүмкіндік болмай қалады. Елдегі «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еткен ауылдастары қатарында егін және мал шаруашылығында табанды еңбек етіп, тылдағы қажырлы еңбегімен көзге түсті.
1943 жылы 18 жасқа толғанда, әскери комиссариаттың шақыртуымен әскер қатарына алынды. Алғашқы дайындықтан өткеннен кейін Қиыр Шығыс шекарасында, Амур өзені маңында жау шекарасын күзетуге жіберілді. Кейінірек Беларусь майданы құрамында болып, Венгрияның Балатон көліне дейін жетіп, неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарға қатысты.
1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-атқыштар дивизиясының құрамында Жапон армиясына қарсы күресіп, Харбин қаласының азат етілуіне де қатысады. Көптеген ерліктер көрсетіп, майданнан аман-есен оралып, 1945 жылдың мамыр айында Жеңіс туымен туған еліне оралды.
Соғыстан кейін елді қалпына келтіру ісіне белсене араласты. Семей өңіріндегі ауыл шаруашылық техникумында білім алып, еңбек ете жүріп Алматы зооветеринарлық институтын сырттай оқып бітіріп, зоотехник мамандығын иеленді. Мал шаруашылығын дамыту жолында аянбай еңбек етті.
Еңбектегі жетістіктерінің арқасында түрлі лауазымды қызметтер атқарды: экономист, партия комитетінің хатшысы, кеңестік шаруашылық директоры, ауыл кеңесінің төрағасы сынды жауапты қызметтерде болды. Адал еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатталып, ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосты.
Марапаттары қатарында І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары және көптеген мерейтойлық медальдар бар. Бұл марапаттар оның ерлігі мен еңбегінің лайықты бағаланғанының айғағы.
1958 жылы Роза Манапқызымен отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүрді. Отбасында 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. 12 немере мен 12 шөберенің сүйікті атасы болды.





























