Майданнан «Жеңіс» деген қуанышты хабар келді. Бұл жалғыз ауыз сөзді сағыныш пен үмітке толы барша қазақ даласы, ауыл-аймақ аңсады. 1941-1945 жылдар аралығы – талай тағдырдың сыналған, талай ананың көз жасы көл болған, сансыз сарбаздың сағы сынған кезеңі. Сол бір «Жеңіс» деген қасиетті сөз үшін қаншама адам күлкісін де, көз жасын да, қуанышын да, түнгі тыныштығын да, балалық шағы мен бозбалалық арманын да құрбан етті. «Біз соғысты көрген жоқпыз» дейміз. Иә, рас. Біз сұрапыл соғыстың сойқанын, зеңбірек үнін, окоптағы өмірді білмейміз. Себебі, бізге бейбіт таң атыру үшін өмірін құрбан еткен аталарымыз, жанын шүберекке түйген бабаларымыз бар. Олар тіршілік үшін күресті, соның нәтижесінде тыныштықта өмір сүріп келеміз.
Сұрапыл соғыс жылдары майдандағы жауынгерлермен қатар, тылдағы еңбеккерлер де Ұлы Жеңіске орасан зор үлес қосты. Олар күндіз-түні тынбай, ел үшін, ер үшін еңбек етіп, майдан даласын азық-түлікпен, киім-кешекпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Сол ауыр кезеңде тылда еңбек еткен азаматтардың қажырлы еңбегі мен төзімділігі болмағанда, Жеңістің жүгі әлдеқайда ауыр болар ма еді. Бүгінде облысымызда мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Олар – жас ұрпаққа отансүйгіштіктің, еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Еліміз бұл азаматтарға әрдайым ерекше құрметпен қарап, қамқорлық көрсетуді басты міндет деп санайды. Бұл – мемлекеттің ел тарихына тағзымы, ардагерлерге деген шынайы ілтипаты. Осыған орай, биыл тыл еңбеккерлеріне арналған «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалі табысталды. Бұл – олардың ерлікке пара-пар еңбегіне берілген алғыс белгісі. Тылда жан аямай еңбек еткен әрбір азаматтың тарихта алатын орны ерекше. Олардың маңдай терімен келген бейбіт өмір – бүгінде бізге мұра, ұрпаққа – аманат. Соғыс – тек майдан шебі емес. Ол – тылдағы тынымсыз еңбек, қарапайым халықтың қажыр-қайраты, елге деген адалдығы. Сол күндердің үнсіз батырларының бірі – Қаншай Ешбайқызы.
Қаншай апа сұрапыл соғыс жылдары ауылдағы сауын фермасында жұмыс істеді. Жастығына қарамастан ауыр еңбектен, қара жұмыстан бас тартқан жоқ. Таң атпай тұрып, мал сауу, сүт тапсыру, санитарлық тазалық сақтау – күнделікті тірлігіне айналды. Жауынгерлерге, ауыл тұрғындарына азық-түлік үздіксіз жетуі үшін әр литр сүттің маңызы зор еді. Тынбай еңбек еткен оның тиянақтылығы мен жауапкершілігі жоғары бағаланып, Мәскеуге арнайы шақырылып, үздік сауыншылардың бірі ретінде марапатқа ие болды. Бұл – тылдағы еңбектің де майдандағы ерлікпен тең бағаланатынын дәлелдеген сәт еді. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 65, 75 күні кеше 80 жылдығына орай мерекелік медалін кеудесіне тақты. Алайда, Қаншай апаның жүрегіндегі жара – жалғыз бауырының майданға аттанып, оралмауы. Жат топырақ жастанған ағасын сағынған көңіл әлі күнге күпті. Соғыстың ең ауыр салмағы – туғаннан айырылу қайғысы, соны көтеру ең үлкен ерлік дерсіз. Бүгінде Қаншай апа сол бір сұрапыл күндерді көз жасымен еске алады. Қиындыққа мойымай, еңбекпен елге қызмет еткен сәттерін – өзінің парызы, халқына деген сүйіспеншілігінің белгісі деп біледі. Ол – тыл еңбеккері ғана емес, Жеңістің тірі куәгері. Оның өмір жолы – ұрпаққа үлгі, тағылым мен тағзымға толы тағдыр.
«Бұл ұлы қуанышқа жету жолында қаншама тағдырлар қыршын қиылды, қаншама шаңырақ шаттықтан айырылды. Зұлматты соғыс ызғары талай отбасының жүрегін сыздатып, ана мен баланың жанарынан жас тамызды. Оны анық көрдім. Замандастарымыз, бауырларымыз миллиондаған адамның өмірін жалмаған осынау кезеңде қара бастың қамын емес, тұтас елдің азаттығы үшін қасық қаны қалғанша күресті. Олардың ерен ерліктері ешқашан ұмытылмай, ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық. Біз көрген қиындықты бүгінгі жас ұрпақ көрмесін, ел аман, жұрт тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз өркенді болып, жарқын болашаққа береке-бірлікпен қадам жасай берсін. Біздерді әрқашан елеп-ескеріп жүрген ақкөңіл халқымнан айналайын!»-дейді Қаншай Белякова.
Кейіпкеріміз жары Тоқтасын Рахметжанұлымен бірге шаңырақ көтеріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. «Алтын алқа» иегері атанды. Бірлік пен татулықты ту еткен отбасы үлгісін көрсете білді. Екеуі де өмірдің түрлі сындарынан сүрінбей өтіп, адал еңбегімен, парасатты тәрбиесімен ел-жұрттың құрметіне бөленді. Бүгінде өсіп-өнген әулеттің ұрпағы әке мен ананың аманатын абыроймен арқалап, ізгі жолдарын жалғастырып келеді. Олар отбасылық құндылықтарды қадір тұтып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, елге үлгі боларлық өнегелі әулетке айналды.
Перзенттері «Ата-ана отбасының діңгегі, бастапқы дәнекері. Отбасы деген шағын мемлекеттегі ата-ананың рөлі, қадір-қасиеті қаншалықты маңызды екені мәлім ғой. Отбасылық құндылықтарды, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын, қазақ отбасындағы тәлім-тәрбиені жан-жақты дәріптеді. Әрдайым күн жағымыздан көлеңке, жел жағымыздан пана болып, сүрінгенде демеді, адами қасиеттерді бойымызға сіңірді. Үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік танытуға баулыды»-деп ендігі армандары аналарының ғасыр тойына жетуі екенін атап өтті.