Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда «Айтыстың Айтақыны» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Сөз сайысына қазақ халқының танымал айтыскерлерімен бірге көрші Қырғыз елінен келген дүлдүлдер де қатысты. Мерейтойлық шара Жетісу облысы әкімінің қолдауымен қазақ ауыз әдебиетінің айшықты жанры айтыстың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан күллі өнерсүйер қауымға «Хәйләйлім» әуенімен танымал, белгілі айтыс ақыны Айтақын Бұлғақовтың зейнеткерлік жасқа толуына орай ұйымдастырылған.
Өңір өнерпаздары әнмен әрлеп, биден шашу шашқан аламан айтыстың салтанатты ашылуында сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев той иесін жүрек жарды қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы: — «Айтақын Бұлғақов сөз майданына өзіндік мақамымен, ерекше дәстүрімен келді. Жарты ғасырға жуық өмірін айтыс аламанына арнады. Сан бәйгеде еркін көсіліп, ел мен жердің мәртебесін, мұң-мұқтажын жырға қосып, ақиқатты ту етті. Ол әлі күнге сол болмысынан айныған жоқ. Арқалы ақынның қуанышына ортақтасып, Жетісу жеріне елімізге танымал айтыскерлер келіп отыр. Сондай-ақ, көрші мемлекет Қырғыз елінің де жампоз ақындары бүгін ортамызда. Бұл қазақ халқына, айтыс өнеріне, Айтақын Мұхамедиұлына көрсетілген лайықты құрмет деп білеміз. Ортамызда отырған арқалы ақынға жазарыңыз бен айтарыңыз сарқылмасын, бүгінгі мерейлі тойыңыз құтты болсын дейміз. Жыр додасына қатысатын барлық ақындарға сәттілік тілеймін!» – деп, ақынның иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Осы орайда торқалы тойға ақордадан арнайы келіп атбасын тіреген Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан сынды қос қаламгер ақынның «Нұрлы Кәусар» атты жинағының тұсауын кесіп, көпшіліктің қошеметіне бөленсе, ақынның туған жері жазиралы Жаркенттің жұрты темір тұлпар сыйлады.
Биыл асқаралы 63-ке қадам басқан Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Айтақын Мұхамедиұлы 13 жасында осы өнерге ден қойып, 24 жасында республикалық аламанда топ жарған. 40 жыл бойы киелі сахнадан түспей келген дара дарын иесі талай шәкірт тәрбиелеп, бүгінге дейін шашасына шаң жұқпаған ұлы Жандарбекті үкіледі. 2010 жылдың наурызында өткен әке мен баланың айтысы, яғни, тың бастамамен Айтақын және ұлы Жандарбек Бұлғақовтардың арасында өткен өткір ой, астарлы әзілге құрылған отбасылық айтыс әлі күнге жұрттың жүрегінде. Енді аламан айтысқа жиналған қауымның алдында өнерге оның 7 жастағы немересі Нұрлы келіп қосылып, атасына арнау айтып, қолынан домбыра және ақ батасын алды.
Осыдан соң алыс-жақыннан жиналған халық асыға күткен сөз сайысына дес беріліп, от ауызды, орақ тілді ақындар өз өнерін ортаға салды. Жетісудан алғалы емес, бергелі келгенін білдіріп, тебірене толғаған жүйріктер бәйге атындай бабында екен. Шаһардағы Бикен Римова атындағы драма театрының кең залында ине шаншар орын болмай қыруар халық тік тұрып тамашалауға мәжбүр болды. Сөз сайысына Әбілқайыр Сыздықов, Қошан Мұстафаұлы, Күмісай Сәрсенбаева, Серік Қалиев сынды аға буын өнер тарландары қазылық етіп, әділ бағасын берді. Әдемі әзіл, сүбелі сөзбен орамды ой толғап, бауырлас қазақ, қырғыз достығын тиге тиек еткен сайыскерлер тап бермеде тауып айтып тыңдарманын таңдандырды.
Сонымен сөзден сарай соққан зергерлер арасында өткен тартымды да тартысты бәсеке Жетісу жұртының санасына сөнбес рухани сәуле сыйлағандай әсер қалдырды. Жарыс соңында қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталып, ақшалай марапатталды. Мұнда өткір тіл мен орамды ой айтып, өзінің ерекше дарын иесі екенін айғақтай білген қырғыз ақыны Мамбеттокто Мамбеторозо бас жүлдені еншілеп 1жарым миллион, бірінші орынға лайық деп танылған қостанайлық ақын Сырым Әуезхан 1 миллион теңге қаражатты қанжығаласа, белгілі айтыскер Бекарыс Шойбек пен Айнұр Тұрсынбаева екінші орын жүлдегерлері атанып әрбірі 750 мың теңгеден сыйақыға ие болды. Ал, үшінші бәйгелі орынға бағаланған Изат Айдарқұлова мен Мақсат Ақановтың әрқайсына 500 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды.