Бүгін Талдықорғанда дүниежүзілік қоршаған орта күні аясында «Экосағат» акциясы өтті. Шара барысында жалпы Алматы облысы бойынша білім беретін 760 мектептің ауласына 17 мыңнан астам жас көшет отырғызылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Акцияға мектеп оқушылары, ұстаздар, ата-аналар және облыс, аудан, қала әкімдері, бизнес өкілдері, қоғам қайраткерлері мен мекеме басшылары қатысты.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Осы орайда Талдықорған қаласындағы 1200 орындық №27 мектепке облыс әкімінің орынбасары Б.Байжұманов арнайы келіп, оқушылармен бірге ағаш отырғызды.

Салтанатты шарада сөз алған Батыржан Құлаймергенұлы:

Жүрегі елім деген соққан әрбір азамат туған жерінің гүлденуіне, қоршаған ортаның тазалығына атсалысуы тиіс. Табиғат – тіршілік көзі. Адам баласы табиғаттың ең үлкен перзенті болуымен бірге қамқоршысы екенін естен шығармауы керек. Сондықтан, қоршаған ортаны ластамай, оған сүйіспеншілікпен қарап жүрейік, — деді.

№27 орта мектеп-гимназиясының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мықтыбек Рахымбеков та оқушыларға ағалық ақылын айтып, табиғатты қорғауға шақырды.

Ал, мектеп оқушылары табиғат тақырыбында өлең оқып, ән айтып, шара көркін қыздыра түсті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK