Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс

314

Талдықорған қаласындағы жалпы білім беретін 27 мектептің арасында Жеңістің мерейтойына арналып, «Ұрпаққа ұран болған – ұлы Жеңіс» атты патриоттық өнер байқауы ұйымдастырылған болатын. Аталмыш байқау 14-23 сәуір аралығында өтіп, оған қаламыздың 27 мектебінің 5-10 сынып оқушылары қатысқан болатын.

  Сол шараның қорытындысы шығарылып, салтанатты шара І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында қала әкімі Ернат Бәзілдің қатысуымен өтті.Патриоттық өнер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінен бұрын қала басшысы әр білім ошағының әзірлеген тақырыптық көрмені аралап шықты.

 Айтар болсақ, байқаудың  мақсаты — Отан үшін жанын қиған батырларымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғырту, ел тарихы мен ұлттық сананы есте сақтау, жастардың бойында патриотизм мен тарихқа деген құрмет. Байқау аясында  оқушылар  Жеңіс күніне арналған театрлық қойылым көрсетсе,  өнерпаздар жанды дауыста ән салып, мың бұрала биледі. Сондай-ақ,  балалар шығармашылығына да мән берілді.  Олар ақындардың шығармаларынан және өздері шығарған өлеңді жатқа мәнерлеп оқыды.

Мерекелік шараға арнайы қатысқан қала әкімі Ернат Бәзіл жиналғандарды  Отан қорғаушылар күнімен және Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.

Қала әкімінің жүлдесі үшін өткен байқау 7 номинацияны қамтып, қатысушылар арнайы және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқау қорытындысында, I–орын жүлдесін Ш. Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп гимназиясы қанжығасына байласа, II – орын иегері С.Мұратбеков атындағы № 9 орта мектебі,  III – орынды Қасым Құлжабаев атындағы №28 IT мектеп- лицейі иеленді.

Бас жүлде, 300 мың теңгенің сертификаты М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясына бұйырды.   Сондай-ақ,  қайсарлық рухты ту еткен бірқатар мектептерге ынталандыру сыйлығы табысталды. Сонымен қатар «Үздік жеке орындаушы», «Үздік өнерпаз» тағы  басқа да  аталымдарда жеңімпаздар анықталды.

Замзина Қарлығаш Келісқызы, Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының директоры: «Жеңіс күні – бейбітшіліктің және қайырымдылықтың мәңгі жасампаздық, абырой мен даңқымыздың мерекесі.  Отанға деген сүйіспеншілік соғыста Жеңіске жеткізгендігі сөзсіз. Осыны жас ұрпаққа бойына сіңіру қажет. Біздің азаматтық парызымыз – бұл күнді мәңгілік есте сақтау, отанды сүю, елдің, жердің адал перзенттерін тәрбиелеу. Қала әкімінің жүлдесіне орай өткен шараға 274 оқушы қатысты. Мектептің әрбір қабатына қойылған көрмені әскери киім мен пилотканы киіп алып өзім таныстырдым. Әр оқушы өз өнерлері мен қабілеттерін барынша көрсетті. Ортақ жұмыстың арқаасында бас жүлдені иелендік».

                                                     Суретті түсірген: Олжас Құрмашев.

                                                                                           

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз