Көпке мәлім, бүгінде Талдықорған қаласы жасарып-жайнап, өсіп-өркендеп келеді. Заман ағымына  сай бой түзеп, сан ғасырды бастан өткерген ұлы шаһардың өскелең ұрпақ үшін небір тағылымды тарихтан сыр шертері анық.  Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтілетін Талдықорғанның «Қала күні» қарсаңында біз аймақтағы танымал ардагер, ҚР мәдениет қайраткері, Композиторлар одағының мүшесі Таңатар Алшабековті арнайы  сөзге тартып, қаланың өткені мен бүгіні жайында білгіміз келген біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.

— Құрметті Таңатар аға, сіз аймақтағы Талдықорған қаласының кешесі мен бүгініне де әбден қанық көзқарақты жандардың бірісіз. Алдымен қазіргі жан-жақты даму жолындағы  шаһардың өткен тарихы туралы айта кетсеңіз?

Құдайға шүкір! Мен осы аймақта туып, өсіп білім алдым. Түрлі салада соның ішінде мәдениет мекемесінде ұзақ жыл еңбек еттім. Халқымызда  «Құжатсыз тарих жоқ, өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» деген жақсы сөз бар. Осы орайда мен ең алдымен тереңде жатқан Талдықорған қаласының тарихы туралы қысқаша тоқталып өтейін. Өйткені, жастар туған аймағының сырына қанығып өсуі тиіс. Бұдан біраз жыл бұрын аймағымыздағы кейбір өзге ұлт өкілдері Талдықорған қаласының тарихы кешегі Кеңес Одағы дәуірінен басталады деген жаңсақ ұғымда болып келді. Осыған сай, біздің тарихшылар Талдықорғанның түп тамыры сонау 8-9 ғасырдан басталғанын тіпті, 1200 жылдан арыда жатқанын дәлелдеп шықты. Нақтырақ айтсақ, бұрын бұл шаһар «Екі оғыз», «Талды» деген  атаулармен жұрт жанында сақталған. Кейін «Талдықорған» атауымен аталды. Дәл осыған байланысты қазір біздің қолымызда ешкім таласа алмайтын нақты деректер мен дәлелдер бар.   Бұл туралы қалалық ардагерлер кеңесінің ат салысуы мен бірнеше кітап жарық көрді. Онда сол тарихи деректер анық жазылған. Оған елімізге танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев те өз пікірін білдіріп, кітаптағы зерттеулердің шынайы әрі дәлелді екенін баса айтқан болатын. Жалпы  алғанда аталған кітаптардағы мәліметтер біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте құнды. Одан өскелең ұрпақ өмірдің өткені мен бүгінінен өрелі ой түйіп, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ел мен жердің тарихи атауы жөнінде көптеген тың мағұлыматтар  ала алады.

Осы орайда Жетісудың және Талдықорған қаласының орта ғасырлық тарихы жайында да не айтар едіңіз?

Халқымыз  «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», деп тегін айтпаса керек. Киелі Жетісу жұрты негізінен  Іле, Ақсу, Көксу, Қаратал, Лепсі, Сарқан және Тентек өзендерінің бойына орналасқан. Бұл қолайлылық мұндағы халықтың ежелден мал және егін шаруашылықтарымен шұғылданып келгенін айқын аңғартады. Оның үстіне «Ұлы Жібек жолы» кезінде жер жәннаты Жетісу аумағындағы қалалар мен керуен-сарайларының көбеюуіне түрткі болған. Мәселен, VI ғасырда Жетісу өңірінде 56 қала болса, Х-ХІ-ғасырларда оның саны 200-ге жеткен. Соның ішінде Талдықорған қаласының орта ғасырлық тарихында «Ұлы Жібек жолының» Іле жазығы арқылы солтүстікке бағыт алуы ерекше маңызды. Талды қаласы екі бөліктен тұрады. Солтүстік бөлігі 60х75метр, қабырғаларының қалыңдығы 4-5 метр. Төрт бұрышында жан-жағын бақылайтын қарауыл орналасқан. Ал, оңтүстік-шығыс қабырғасының қалыңдығы 6-9 метрлік дуалмен қоршалған. Сол кездері шаһар жұртын 250 шағын шаруашылық отын-су, тиісті азық-түліктермен қамтамасыз етіп отырған. Міне, бұл елімізге белгілі зерттеушілермен тарихшылардың еңбектерінде анық атап көрсетілген.

Ал, кейбір адамдар Талдықорған бұрын «Гавриловка» деп аталған деген пікірде. Ол атау қалай шыққан?

1868  жылдың күзінде Ресейдің Воронеж губерниясынан алғашқы қоныс аударушылар көшіп келе бастайды. Олар Талдықорғанға қоныстандырылып, Қаратал өзенің жағалауынан жер телімдерін бөліп берілген. Олар тұрақтаған жер «Мойна хуторы» деп аталған. Күндердің бірінде сол «хутордан» жер алып ағайынды Гавриловтар деген кісілер келіп ірге тебеді. Олар «хуторда» жүн, тері қабылдап, оны өңдеп, ондан түрлі тоқыма киімдермен тері тондар шығарады. Қосымша самогон қайнатып, оны сатумен айналысады. Жергілікті малшылар күз және көктемде мал терілерін Гавриловтарға апарып өткізіп, ақшасына азық-түліктермен басқа да керек-жарақтарын сатып алып қайтатын болған. Жол-жөнекей жүн-тері өткізушілер жолыққандардың «Қайда барасың?», «Қайдан келесің?» деген сауалдарына «Гавриловқа бара жатырмын», «Гавриловтан келемін», — деп жауап беретін болған. Осылайша, Гаврилов атауы жұрт арасына кең тарап кеткен. Кейін патшалық Ресей өздерінің отарлау саясатын қолданып  қазақ жеріндегі ауыл, аймақтардың атауын өзгертуіне байланысты 1896 жылдан бастап Талдықорған атауы «Гавриловка» селосы деп өзгертілген. Кейін яғни, 1921 жылы Қапал уезінің орталығы Талдықорғанға көшіріліп, бұрынғы «Талдықорған» атауы қайтарылған.

Енді еліміз Тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейінгі 30 жылға жуық уақытта Талдықорған қаласының жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталып өтсеңіз?

Жасырары жоқ, кешегі тоқырау жылдары бұл қала жарықсыз, сусыз  мүлде қаңырап қалған. Зауыттар, дүкендер жабылды. Қаланың болашағы бұлыңғырланып, тұрмыс қамын күйттеген тұрғындар Алматыға, басқа аймақтарға үдіре көше бастаған. Осыдан соң көп өтпей Талдықорғанға облыс орталығы мәртесі беріліп, іс орындары қайта көшірілді. Әр келген басшы өзінің тың жоба-жоспары мен бөлісіп, оны іске асырды. Олардың бәрін халық қолдады. Жеке шаруашылықтар жанданды. Қаладан зауыттар ашылды. Жастар жұмыспен қамтылып, заман ағымына сай зәулім ғимараттар тұрғызылып, жолдар салынды. Жұрттың жыл санап ауызсу, жол, жарық, жылу, білім, денсаулық басқа да әлеуметтік салаларға қатысты мәселелері біртіндеп шешімін тапты. Міне, осындай атқарылған игі істердің нәтижесінде Талдықорған қаласы өсіп-өркендеп көрген жан қызыға қарайтын бүгінгідей толықсыған деңгейге жетті. Бұл аймақ басшыларының іскерлігі мен жергілікті жұрттың береке-бірлігінің арқасы. Қаламыз жасарып-жайнап, ел ырысы еселеп арта берсін!

Әңгімеңізге рахмет!                     

Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK