Маприза Майлығұлова 1937 жылы Алакөл ауданы бұрынғы (Андреев ауданы) Екпінді ауылында туған. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, ауылдағы барлық ер азаматтарды майданға аттандырып, бұғанасы қатпаған бала кезінен бастап аналарына ілесіп колхоздағы шаруашылықта жұмыс істеп, ерте еңбекке араласты. Сол кездегі өзі қатарлас замандастарымен бірге ойын ойнайтын балалық шағын елі үшін еңбек етуге айырбастаған жандардың бірі осы Маприза апамыз.

Кейіннен мектеп бітірген соң сол өзі оқыған Екпінді орта мектебінде директордың хатшысы қызметін атқарып жүргенде болашақ жолдасымен танысып тұрмысқа шықты. Жолдасы Болат Қанабеков ұзақ жылдар Екпінді орта мектебінде ұстаз болып, кейіннен интернат меңгерушісі қызметін атқарып зейнетке шықты. Маприза апай екеуі 5 ұл, 2 қыз өсіріп, барлықтарының жоғарғы білім алуларына ықпал етті. Бүгінгі күні сол балаларынан 13 немере, 4 шөбере сүйіп отырған аяулы әже. Өткен жылдардағы барлық тауқыметтері ұмытылып қазіргі кезде бейбіт аспан астында мамыржай бақытты өмір жасап жатқанына дән риза. Маприза апайымыз қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған, қазақтың ұлттық тағамдарын, қолөнерін кейінгі кезге дейін өз қолымен дайындап келді. Бүгінгі күнде жасы ұлғайып, көзі де нашар көруіне байланысты қол үзіп қалғанын айтады.
Ардақты ана, асыл әже биыл ҰОС Жеңісіне 80 жыл толуына орай барлық қазақ жұртына бақытты өмір, бейбіт заман тілеп, елімізде тек тыныштық болып, өсіп келе жатқан жас өскелең ұрпақ біздің балалық шағымызда көрген қиындықты көрмесе екен деп тілейді.
Қаламқас Тұрлығұлова,
Талдықорған қалалық ардагерлер
кеңесінің мүшесі.
«Самал» шағын ауданы филиалының төрайымы





























