Өндірістегі салауатты өмір салты

315

Жұмыс орнындағы денсаулық, қауіпсіздік және әл-ауқат – бұл барлық елдердегі жүздеген миллион адамдар үшін өзекті мәселе. Бұл еңбек өнімділігі, кәсіпорындардың, салалардың, ұлттық және өңірлік экономикалардың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығы тұрғысынан ерекше маңызға ие. Қызметкердің денсаулығы еңбек өнімділігіне тікелей әсер етеді және жоғары еңбек өнімділігіне тек толыққанды денсаулықпен ғана қол жеткізуге болады.
Қазақстанда 2020 жылы статистика мәліметтері бойынша 1,6 миллион кәсіпорын қызметкерінің ішінен 396 мың адам немесе әр төртінші қызметкер, яғни 22% зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметтері бойынша Қазақстанда 9 миллион жұмыс істейтін халықтың шамамен 80%-ы жалдамалы қызметкерлер. Осыған байланысты, жұмыс берушілер тарапынан азаматтарды салауатты өмір салтына ынталандыру маңызды мәселе болып табылады.
2002 жылдан бастап Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты жұмыс орындары» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне негізделген және еңбек жағдайларын салауатты, қолайлы және қауіпсіз етуге бағытталған. Жоба әдістері кәсіпорынды басқару саясатының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Оның жүзеге асуы еңбеккерлердің денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қоғам мен қоршаған ортаға оң әсер етуге мүмкіндік береді.
Салауатты жұмыс орны қоғамдық денсаулық сақтау саласында тек кәсіби аурулар мен жарақаттардың алдын алуға ғана емес, жалпы денсаулықты бағалауға және жақсартуға бағытталған орын ретінде қарастырылады. Іс-шаралардың басымдығы тек өндірістік ортаны ғана емес, психоәлеуметтік ортаны, өмір салтын, денсаулыққа көзқарасты, мінез-құлықты да қамтиды. Бұл жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы тығыз қарым-қатынасты талап етеді.
ДДҰ сарапшыларының пікірі мен ірі компаниялар тәжірибесін талдау негізінде «Салауатты жұмыс орындары» жобалары келесі бағыттарды қамтуы керек:
1) қауіпсіз өндірістік орта құру – бұл еңбек қауіпсіздігі және өндірістік медицина саласына жатады;
2) медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – бұл тек төтенше жағдайларда ғана емес, созылмалы және кәсіби аурулардың алдын алуға бағытталған жоспарлы тексерулерді қамтуы тиіс;
3) ұйымдағы психоәлеуметтік ортаны жақсарту – бұл қызметкерлердің жеке әлеуетін арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу, белсенді өмір салтын ынталандыру;
4) денсаулықты сақтау мен нығайтуға жағдай жасау – бұл жұмыс орнында да, тұрмыста да басшылықтың міндеті болуы тиіс.
Қызметкерлердің денсаулығын нығайту – бұл тек корпоративтік денсаулықты қамтамасыз етудің ғана емес, сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің де маңызды факторы. Жұмыс беруші жағдай жасап, мүмкіндік ұсына алады. Адам өзіне ең қолайлы нұсқаларды таңдайды. Егер қызметкер салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған бағдарлама аясында денсаулық кеңесшісімен бірге өз өмір салтын талдай алса, онда бұл бағдарлама оның жеке қажеттілігіне сай келетін кешенді жүйеге айналады.
Қазақстанда еңбек жағдайларының қолайсыз болып қалуы айтарлықтай экономикалық шығындарға әкеледі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын 600 мыңнан астам қызметкер қосымша демалыс, қысқартылған жұмыс күні, зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы, сүт және алдын алу тамағы түрінде өтемақы алады. Бұл шығындарды жұмыс берушілер мен сақтандыру компаниялары өтейді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметтері бойынша 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Салауатты жұмыс орындары» жобасы Қазақстанның 40 ұйымында іске асырылуда. Бұл жобаны жүзеге асыратын әр жұмыс беруші өз қызметкерлерін келесімен қамтамасыз етуі тиіс:
1. Қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларымен;
2. Тұрақты медициналық тексерулермен және медициналық көмекке қолжетімділікпен;
3. Қимыл-тірек аппараты ауруларының алдын алу үшін эргономикалық жабдықтармен және жиһазбен;
4. Еңбек қауіпсіздігі мен аурулардың алдын алу бойынша оқыту және тренингтермен;
5. Стресті басқару және психологиялық жайлылықты сақтау үшін психологиялық қолдаумен.
Салауатты еңбек жағдайын қамтамасыз ету – қоғамның табысты дамуының негізі. Әрбір жұмыс беруші өз қызметкерлерінің денсаулығы үшін жауапты болуы тиіс.

Самат Ахметов,

Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз