«Достық» аллеясы: бірлік пен тағылым мекені

249

«Достық үйі» ғимаратының алаңында 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Достық» аллеясының ашылу салтанаты және уақыт капсуласын орнату шарасы  өтті.

Ашылу рәсіміне Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында шара аясында қонақтар ағаш отырғызу акциясына қатысып,  көрмені тамашалады. Жиынның мақсаты —  еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз байланысты Ассамблея мерекесін атап өту, сондай-ақ, көпэтносты қоғамның бейбіт әрі үйлесімді дамуына қосқан үлесін дәріптеу. Еркебұлан Ақболатов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры: «Халқымыздың бірлігі мен достығының белгісі ретінде аллеяның ашылуы мен болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласын орнату рәсімі барша жетісулық қауым үшін маңызды шара деп білеміз. Жас көшеттерді отырғызу халқымыздың бірлігі мен достығын бейнелейтін ерекше символдық мағынаға ие. Әрбір отырғызылған ағаш түрлі этностар арасындағы өзара түсіністік пен құрметтің белгісі. Ал, уақыт капсуласында еліміздің бүгіні мен ертеңіне арналған тілектер, маңызды тарихи естеліктер сақталады»-деп  капсула 2030 жылы Ассамблеяның 35 жылдық мерейтойына орай ашылатынын атап өтті. Игі бастаманы қолдаушы Ассамблея белсенділері «Жетісу жері ең әсем, жанға жайлы өңір. Кезінде Асан қайғы бабамыз «Мынау Жетісудың әр ағашы жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс»- деп бағалағанын білеміз.  Аймағымыз шыбық ексең лезде жапырағы жайқалған саялы ағашқа айналар топырағы құнарлы өлке. Халық даналығы «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді.  Бұл шара елдің мәңгілік құндылығы. Осындай тарихи сәтке куә болғанымыз және атсалысуымыз біз үшін мәртебе»-дейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз