Баспана кезегінде тұрған Талдықорған қаласы тұрғындарының мәселесі оңынан шешіле бастады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Отан қорғаушылар күні қарсаңында пәтер алуды армандаған, баспана мұқтаж 60 отбасының арманы орындалды. Қаланың «Бірлік» шағын ауданында пайдалануға берілген үйдің 15-і – бір бөлмелі, 15-і – екі бөлмелі, 30-ы – үш бөлмелі пәтерлер.
Жаңа пәтерге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлаған отбасылардың қуаны-шына қала басшысы Ернат Бәзіл ортақтасып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алған жұмыс әрі қарай жалғасын табатынын айтып, тұрғындарды қуантты. «Мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – әлеуметтік осал топтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да үздіксіз жүргізіледі. Жаңа пәтерге ие болған барлық отбасыны қуанышымен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмесін»-деген қала басшысы пәтер кілттерін табыстады.
Қолданысқа берілгелі тұрған үйлер халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына, толық емес отбасыларға, жетім және мүмкіндігі шектеулі жандарға 60 пәтердің кілті салтантты түрде табысталды.
Тұрғын үй алушылардың қатарында «Айналайын» балалар үйінің жеті тәрбиленушілері де бар. Балаларды қолдау орталығының басшысы Гүлмира Тойғанбекқызының айтуынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтарға кезек бойынша пәтер кілті табысталуда. Бүгінгі күні түлектердің қуанышына ортақтасып, ұжыммен келіп, баспаналарына шашу шашып құттықтаған. Ал сондай түлектердің бірі, он жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрған көпбалалы ана Дана Байдалиева.
— Мен бұл баспананы ұзақ күттім. Отағасы Айдос екеуіміз бес баланы өсіріп, тәрбиелеудеміз. Үлкеніміз Сұлтан студент, ең кішкентай еркеміз Адина 3 жаста, басқалары мектепте оқиды. Бүгін үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін қолымызға алып қуанып жатырмыз. Көпбалалы аналардың тілегін, өтінішін ескеріп, осындай жағдай жасап жатқан облыс және қала әкімдігіне алғысым шексіз.Үмітіміз ақталды,-деді Дана Қанағатқызы.
Индира Қыбыраева, «Алтын алқа» иегері: «Әр адам өз шаңырағының болғанын қалайтыны белгілі. «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Ұзақ жыл бойы сарыла күткен пәтердің кілті қолымызға тиіп, төбеміз көкке жетіп, қуанып отырмыз. Біздерге 9 баламен ешкім үйін жалға бермей қойған кездер де басымыздан өтті. Көпбалалы аналарға айрықша қамқорлық көрсетіп жатқан Мемлекет басшысына, өңірдегі атқамінер азаматтарға айтар алғысым шексіз. Мұндай баспана пәтерге мұқтаж әрбір отбасыға бұйырсын деген тілек бар».
Динара Нұрасылова, көпбалалы ана: «Бүгін отбасымызда үлкен қуаныш. Көптен күткен, ондаған жылдар сарыла күткен баспанаға қол жеткіздік. Өзім балалар ауруханасында медқызметкермін. Балаларымыз өсіп қалды. Үлкеніміз оқу орнын аяқтаса, кішкентайымыз мектепте 2 сыныпта оқиды. Отбасымызбен келіп, пәтер кілтін алдық. Барлық қуаныш иелерін құттықтаймын. Қоныстары құтты болсын!»
Қазіргі таңда қаламыздың инфрақұрылымы дамып, көркейе түсуде. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы тұрғын үй берудің барлық бағыты бойынша Талдықорған қаласында 1283 отбасы баспаналы болса, биылғы жылы 1500-ге жуық отбасыға баспана кілттері табысталатын болады. Ал жыл басынан бүгінгіні қоса алғанда 308 отбасы үйлі болып отыр.