Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов өзіне жүктелген міндеттерді атқару барысы туралы  қалалық мәслихат депутаттары алдында есеп берді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиынға мәслихат депутаттарынан бөлек бөлім басшылары, қалаға қарасты ауылдық окруктердің әкімдері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында сөз алған шаһар басшысы әр салаға жекелей талдау жасап, қандай жетістіктер бар, қай салаға баса назар аудару керектігіне тоқталды.

Ғалымжан Райылұлының айтуынша, қала аумағында қоғамдық-саяси ахуал  тұрақты  жағдайда. Облыс орталығында 6 саяси партияның филиалдары ресми тіркелген. Сонымен қоса  128 белсенді жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар бар. 20 діни бірлестік, 26 этномәдени орталықтар жұмыс жасайды. Есепті мерзімде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген 192 іс-шараға 60 мыңға тарта адам қатысыпты.

«Құрметті депутаттар мен сессияға қатысушылар! Талдықорған қаласының   даму жоспары «Қазақстан-2050» Стратегиясында, Елбасының Жолдауларында айқындалып, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 10 бағыт  бойынша  көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Ел Президенті жұмыс орындарын ашуды ең маңызды мәселе ретінде қарай отырып: «Осы көрсеткіш бірінші қатарда болуы керек.  Бұл – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, экономиканың тұрақты өсімін сақтау деген сөз», –  деп атап көрсетті. Сондықтан алдымен осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталайын», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Шаһар басшысы үстіміздегі жылдың соңғы мәліметі бойынша қала халқының саны 173,4 мың адам құрап отырғандығын тілге тиек етті. Экономикалық белсенді 91,4 мың адам болса, оның ішінде жұмыспен қамтылғандары – 87,4 мың. Ал, жұмыссыздар – 4012 адам, яғни экономикалық белсенді адамдар ішіндегі жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құраған.

«2019 жылы 3 092 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған, бірінші жарты жылдықта 2 353 жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы тұрақты жұмыспен барлығы  1106 адам қамтылды. Оның ішінде «Электрондық еңбек биржасы»  арқылы жұмысқа орналасқандар саны 725 адам, — деді әкім.

Сондай-ақ, Ғалымжан Райылұлы әлеуметтік қолдау шараларына тоқталып өтті. Айтуынша, үстіміздегі жылдың 1  шілдесіне  4099 отбасына 775 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік  көмек көрсетілген. Одан бөлек, шаһар басшысы биыл көпбалалы отбасыларға 305 пәтер берілетінін айтты.

«Қазіргі таңда бюджет қаражаты есебінен көпбалалы екі отбасы және толық емес екі отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, көпбалалы 4 отбасына жергілікті кәсіпкерлеріміз  тұрғын үй алып берді. 2400 көпбалалы анаға қалалық қоғамдық көліктерде тегін жол жүру билеттері берілді. 159 отбасыларының үйлеріне табиғи газ қосылып, 825 отбасы үйлеріне улы газға қарсы датчиктер орнатылды. 604 мүгедекке жеке көмекшінің қызметі, 118 мүгедекке ымдау маманының қызметі көрсетіледі. Жуырда 112 отбасыға 2641 дана киім-кешек тапсырылды. Мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастырамыз», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Осыдан кейін шаһар басшысы өнеркәсіп саласында жақсы көрсеткіштер барын айтты. Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 34,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі – 105,2 пайыз,  жылдық жоспар 45,7 пайызға орындалыпты.

Ал, ауыл шаруашылық саласында 5,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Жылдық жоспар 28 пайызға орындалыпты.

«Малдың барлық түрлерінің басы өсіп, ет өндірісі артты. Салаға 36,5 млн.теңге инвестиция  салынды,  бұл өткен жылдың  деңгейінен бүгінге төмендеу болып тұр. Бірақ, жыл соңына дейін көзделген межеге шығуға мүмкіндік бар», — дейді әкім.

Талдықорғанда шағын және орта бизнес те дамып келеді. Жеке кәсіпорындардың саны 26,4 пайызға өскен. Кәсіпкерлік саласынан бюджетке түскен төлемдер 19,1 пайызға көбейіп, 8,5 млрд.теңгені құрап отыр.

Құрылыс саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. 6 айда  61,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылғы деңгейден 1,8 есе артық. Ал, биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға жалпы құны 4,2 млрд.теңге бөлінсе, соның 1,8 млрд.теңгесы игерілген.

Келесі де Ғалымжан Әбдірайымов коммуналдық сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ағымдағы жылы 1 млрд.теңгеге 48 ауланың аумағын абаттандыру қарастырылған. Қазір жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, 38 ауланы абаттандыру бойынша сараптама қорытындысымен жобалық-сметалық құжаттамалар дайын тұр. Келесі жылы тағы 20 аула аумағын жөндеу жоспарға енген. Қаладағы саяжай массивтерін сумен қамту мәселесі де шешімін таппақ. Бекітілген жоспарға сәйкес 6 саяжай массивтері мен бұрынғы Учхоз аумағында барлығы  83 шақырымдық су құбыры желісінің құрылысы басталды, оның 4-ін ағымдағы жылдың соңына дейін, 2-ін келесі жылы бітіру  қарастырылған. Бұдан басқа, бірінші әскери қалашықты жылумен қамту желілерін күрделі жөндеу, Шайқорған және Жастар-2 тұрғын массивтерінде 24 шақырымнан астам электрмен қамту желілерін салу басталды, оларды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Биыл қалада жалпы ұзындығы 120,4 шақырымдық 119 көше жолдарын жөндеу жоспарланған. Әкім бұл жұмыстар да жоспар бойынша атқарылып жатқандығын айтып өтті.

Ал, қаланы газдандыру аясында 832 шақырымнан астам желілер тартылыпты. Қазір 4-кезектің құрылысы жалғасуда, 255 шақырым ауданішілік желілердің 160 шақырым астамы салынды (аяқтау мерзімі-2020 жылдың желтоқсаны).

«2019 жылдың 2 тамызына 4379 абонент газға қосылды, оның ішінде 3341 жеке сектор абоненттері, 1017 пәтер және 21 коммерциялық ұйымдар. Жыл соңына дейін  9 мыңнан аса абонент қосылуы тиіс», — деді әкім.

Қала әкімі сөзін қорытындылай келе 2019 жылдың 1-інші жартысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша көзделген жоспарлар негізінен орындалғандығын айтты.

«Алдымызда бүгінгіден де зор, ауқымды міндеттер тұр. Қаланың өркендеуіне жұмыс жасау баршамызға ортақ абыройлы іс. Жұмыстардың өз мәнінде атқарылуы депутаттар корпусының  белсене  араласуынсыз мүмкін емес. Сондықтан, Сіздермен бірге «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей осы мақсатта  жемісті еңбек етеміз деп сенемін. Еңбектеріңізге  табыс, дендеріңізге саулық, қажыр-қайрат тілеймін», — деді Ғ.Әбдірайымов.

Жиын соңында мәслиахат депутаттары бірауыздан қала әкімінің атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK