«Құқықтық тәртіп» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының тәртіп сақшылары 17 облыс тұрғынының тіркелмеген, заңсыз қару-жараққа қатысы барын анықтап, олардан 19 мылтықты тәркіледі. Оның екеуі – ойық мылтық, 9 дана тегіс ұңғылы аңшы мылтығы және 8 дана травматикалық және газбен атылатын қару болып шықты.

Іле ауданының полицейлері жергілікті тұрғынның үйінде тіркелмеген заңсыз қару барын анықтады.

«35 жастағы азаматтан қару тәркіленіп, тиісті сараптамаға жолданды. Қару иесі мылтықты хабарландыру арқылы тиісті құжаттары болмаса да белгісіз біреуден сатып алғанын хабарлады. Дегенмен, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, шыққан тегі белгісіз қарудың қайдан алынғаны және мылтықтың тарихы анықталатын болады»,- дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Қарасай ауданының 50 жастағы тұрғынынан 33 пышақ тәркіленді. Тергеу барысында күдіктінің суық қаруларды қолдан жасап, саудалайтыны анықталды. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдіктілер мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK