Жетісу облысының әкімі
Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың
1 Мамыр – Қазақстан халқының
бірлігі күнімен құттықтауы
Құрметті жетісулықтар!
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Қоғамдағы татулық пен келісім — қашанда мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі.
Бұл мерекенің түп негізі бірлік пен түсіністік идеясы, заң мен тәртіп үстемдігі сияқты басты ұстанымдармен үйлесімді астасып жатыр.
Биыл Президенттің бастамасымен, халықтың қолдауымен жаңа Конституция қабылданғаны белгілі. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мемлекетіміздің бас құжаты – халық болмысының мызғымас нышаны, берекелі ауызбіршілігіміздің символы. Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады», — деп атап өтті.
Бұл Ата Заңда жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту сияқты басты қағидаттар айқындалған.
Осы орайда біздің Жетісу өңірінің тұрғындары тату тіршілігімен, күнделікті еңбегімен, қоғам өміріндегі белсенділігімен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып келеді.
Жетісулықтарға шынайы алғысымды айта отырып, баршаңызға мықты денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға ырыс пен бақ тілеймін.
Әрқашан еліміздің еңсесі биік, берекесі мығым болсын!




























