Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне 3 қаңтар күні берген сұхбатында: «Биыл Ұлы Жеңістің 80-жылдық мерейлі белесін атап өтеміз, Қазақстан үшін бұл датаның символдық мәні зор. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған» -деп атап көрсетті.
Осы орайда 28 панфиловшы батырларды еске алу , олардың есімін атап өту міндет. Мәскеу үшін болған қиян-кескі аласапыран шайқаста өмірлерін Отан үшін қиған батырлар: Василий Клочков, Гавриил Митин, Григорий Безродный, Николай Болатов, Яков Бондаренко, Петр Дутов, Петр Емцов, Николай Апаньев, Нурсутбай Есеболатов, Дмитрий Колейников, Әліпбай Қосаев, Асқар Қожабергенов, Григорий Конкин, Абрам Крачков, Николай Максимов, Иван Москаленко, Николай Матченко, Иван Натаров, Григорий Петренко, Мұсабек Сенгірбаев, Душанкул Шапоков, Николай Трофимов, Иван Шепотков. Тірі қалғандар: Дмитрий Тимофеев 1907 жылы туып, 1949 жылы қайтыс болған, Григорий Шемякин 1906-1973 жыл, Иван Добробабин 1996 жылы, ал Шадрин Иван 1913-1985 жылы, Васильев Илларион 1910-1969 жылы дүниеден өтті. Осы 28-дің 22-сі қазақстандықтар санатында. Солардың арасында 12 жауынгер — Жетісу өлкесінен.
Жетісулық Асқар Қожабергенов Кеңес Одағының батыры 28 гвардияшы панфиловшы батырлардың бірі. Асқар Қожабергенов туралы «Герой Советского Союза. 1975 г.» кітабында былай деп жазылған: ол Алматы облысы, Қаратал ауданыда 1917 жылы туған. Соғыстың алдында Большевик колхозында (қазіргі Еңбекші ауылдық округі Көксу ауданы) тракторшы болып жұмыс істеген. Ел басына күн туғанда Отан қорғауға аттанған. 316 атқыштар дивизиясында 1075 полктың, 4 ротасының, 2-взводында жауынгер болған.
Асқар атамыз Дубосеково разъезінде ерлікпен шайқасқан батырлардың бірі. Танк жойғыштар тобының мүшесі. Бұл топ ерлікпен шайқасып, фашистердің 18 танкін жойған. Кезінде Отанымыздың жүрегі болған Мәскеуді қорғау жолындағы ұрыста қаза тапқан. Атамыздың ерлігі бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1942 жылғы 21 шілдесіндегі Жарлығымен Асқар Қожабергеновке Кеңес Одағының батыры берілген.
Батыр туралы деректер көп. Мәселен, майдангер, жазушы Мүслім Бөбекулов 1968 жылы Алматыда шыққан «Мұсабек Сеңгірбаев» кітапшасында батырлар туралы бәрін егжей-тегжейін баяндаған. М.Бөбекуловтың жазғаны бойынша атақты қамал бұзар қаһарман Бауыржан Момышұлы басқарған полктың бірінші батальонында Мүслім Бөбекулов, ал екінші батальонында Асқар Қожабергенов пен Мұсабек Сеңгірбаев болған. Ата-анасынан ерте айырылған Асқар жетім балалар үйінде тәрбиеленген.1932 жылғы зұлмат ашаршылықта Асқар мен Мүсілім Мұқырыдағы балалар үйінде бірге болып, бір тілім нанды бөліп жеген. Тағдырдың талқысымен майданға да бірге шақырылып, 316 дивизия құрамында да бірге болған.
Асқар Қожабергенов, Мұсабек Сеңгірбаев, Мүсілім Бөбекулов, Иван Шадрин 1941 жылы Үштөбе станциясынан соғысқа бірге аттанған. Үштөбе станциясындағы Қаратал ауданының соғыс комиссариаты кеңсесі алдындағы әскери комиссар Ж.Волков сөз сөйлеп, соғысқа аттанушыларға жеңіспен оралуды тілеген. Сол жерден поезға отырып, соғысқа шақырылған азаматтар Алматыға жетіп, 316 атқыштар дивизиясының сапына қосылған. 18 тамыз күні поезға мініп, Отанымыздың сол кездегі астанасы Мәскеуге бет алып, одан өткен соң Ленинградқа қарай жүріп, Белогов қаласын басып өтіп, Новгород облысындағы Крестцы қаласының маңына орналасып, әскери даярлыққа кіріскен. 10 қазан күні Волоколамск станциясына келіп, қазанның 12 күні Осташево қаласының Булагшево совхозы жағынан бекініс жасаған.
1941 жылдың 16 қарашасында Гундилович басқаратын 4 ротаның, 2-ші және 6 взводтарынан іріктеліп алынған танк жойғыштар тобының жауынгерлері ерлік көрсетіп, әлемді таңқалдырған. Фашистердің полкқа қарсы шығарған 50 танкімен 28 жауынгер ғана ерлікпен шайқасып, бронзижан жамылған тажалдың 18-ін өртеп жойған. Бүтін бір полктың ауыр зіл батпан салмағын өздері көтерген 28 жауынгердің ерлігі әлемге жайылған. Адам сенгісіз асқан ерлік иелеріне деген қошемет пен сүйіспеншілікте шек болмаған.
Ұлттық кітапхананың мұрағаттар бөлімінен 1975 жылдың алғашқы тоқсанында шыққан аудандық «Еңбек туы» газетінің тігіндісін қарасақ, газеттің соңғы бетіндегі Панфиловшы соғыс ардагері, ардақты ұстаз М.Бөбекулов ағаның «Асқар батыр» деген мақала газеттің бес нөмірінде (39-43) жарияланған. Газеттің 42-43 нөмерінде 1941 жылдың қарашасындағы кескілескен қанды шайқасты суреттейді. Жау алдымен самолеттен бомба жаудырып, артиллериядан оқ боратты. Жер бетінің астан-кестеңі шықты. Осыншалық ғаламаттың әсерінен жер бетінде не тіршілік қалды дейсің? Жау солдаттары оқ жаудырып, бой тасалауды білмеді. Фашистер бекініске жақын қалғанда политрук Клочков ысқырып қалды. Асқар оқ боратып еркінсіп келе жатқан жау қатарын жапыра құлатты. «Танктерді құртыңдар» деген политруктың саңқ еткен дауысы естілісімен-ақ бекіністен граната бумалары мен жандырғыш шөлмектер жау танкілеріне жаудырылды.
Асқар жақындаған бір танкті өртеп жіберді. Мұсабек досы да, ауыр танкіні жалынға орады. Крюково, Кемидово, Дубосеково, Петпиково деревняларын фашистер осы жолы басып алды, бірақ та болдырған аттай боп кібіртіктеп ары қарай шабуылдауға шамасы жетпеді. Көп шығындалды. Осы ұрыстардан кейін ротадағы 140 жауынгерден 25 қана солдат қалды.
Ұлтжанды азамат Шаймерден Әлдибекұлы бозторғайша шырылдап, Асқар тағдырына араласқан нағыз азаматтың бірі. Серік Негимовтың «Санат» баспасынан шыққан «Мәлік Ғабдуллин» атты кітабында мына жолдарды келтіреді. «Атақты 28 гвардияшы- панфиловшылардың ішінде қазақтар болды. Мәселен: Нүреутбай Есеболатов, Әлікбай Қосаев, Асқар Қожабергенов, Мұсабек Сеңгірбаев. Олардың атын кең жаһан естіді, қазақ деген ұлттың барын білді». (Санат баспасы 2001 ж 79-бет).
Оқ пен оттың ортасында шыныққан командир Мәлік Ғабдуллиннің айтқаны, бұл батырлар еліміздің мақтанышы бетке ұстар тұлғалары. Аса көрнекті кеңсе ақыны Николай Тихонов 1942 жылы «28 батыр ерлігі» деген көлемді дастан жазды. Панфиловшы батырлардың ерліктерін көкке көтере суреттеп, оларды теңдессіз батыр деп санады. Поэмада алып тау көтерген толағайдай болған Асқар ерлігі де суреттеледі.
Жалпы көпұлтты кеңес әдебиетінде 28 гвардияшы- панфиловшылардың ерліктері өлең жырдың өзегі болып, 150 ұлт-этнос тілінде жырланды. КСРО –ның бұрынғы қорғаныс министрі, Кеңес одағының маршалы Д.Язовтың «Москваны қорғаушылар» туралы кітабы шыққан. Онда 28 батырға жоғары баға берілген. Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін көрсетіп, жасалған жаудан тайсалмай қарсы шайқасып үлкен ерлік көрсеткен.
28 батырды халық ақындары Н.Байғалин, Қ.Жапсарбаев ерекше шабытпен жырлады. Батырлар есімдері адамзат тарихында алтын әріппен жазылды. Мүсілім ағаның жазған «Еңбек туы» газетінің №43 санында Большевик селолық советіне мәңгілік сақтауға жіберген КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасы бар. Онда былай деп жазылған, «Герою Советского Союза, Президиум Верховного СССР Указ от 21 июля 1942 года. За образцовое выполнение боевых заданий командования с немецкими захватчиками и проявленные при этом отвагу и геройство присвоить Кожабергенову Аскару звание Героя Советского Союза».Осыдан 60 жылдай бұрын мен Кировскіде (Балпық би, Алдабергенов) Луначарский атындағы орыс мектебінде оқып жүрген кезім. Ол заманда кентте қазақ мектебі болмаған. Сол кездері Совет Одағының батыры панфиловшы И.Д.Шадрин мектепке келіп, жауынгерлердің ерліктерін әңгімелеп беруші еді. Сонда мақтаныш кеудемізді кернейтін.
Сол кездесулердің бірінде Иван Демидовичке мен сұрақ қойған едім. «Насколько вы Иван Демидович знакомы с героем Аскаром Кожабергеновым и что Вы можете рассказать нам о нем?» деп. Сондағы батырдың берген жауабы былай еді: «Я не то что близко а братски знаком с Аскаром Кожабергеновым, мы вместе воевали с фашистами. Он настоящий герой погибщий защищая нашу Родину, Аскар и Мусабек погибли ради победы, чтобы вы дети учились и жили счастливо. Они похоронены в одной братской могиле их нельзя было разлучить и после смерти. Царства им небесного» деп еді. Ол уақытта И.Д.Шадринге де ескерткіш орнатылмаған еді. Немидово мен Дубосеково арасында киелі жердің кіндігіне ұқсас жерде 251-ші шоқыда «Даңқ шебі» мемориалы орнатылған. Немидово деревнясында 28 панфиловшылар арналған мұражай бар.
Ал мына дерек Қазақстан Республикасы халық ағарту үздігі Сембек Қошқановтың естелігінен. «Асқар Қожабергенов 28 гвардияшы батырдың бірі, біздің Көксу ауданынан шыққан жерлесіміз. Өзім мұғалім болып істеген Қызыларық орта мектебіндегі ашылған Мұсабек Сеңгірбаев атындағы тарихи өлкетану мұражайында, Асқар туралы деректер бар».
Жетісудың күндіз күміс, түнде алтын боп ағатын ару өзендері, Көксу мен Қараталдың арасына орналасқан Кеңарал ауылы жасыл желекке бөленген. Ағаш бұталары қос өзенде мұқайып тұр, себебі қамал бұзар қаһарман батыр Асқар Қожабергеновты жақтап тұрғандай. Батырға мәңгілікке ескерткіш керектігін С.Қошақанов осылай армандап еді. Көзден кетседе көңілден кетпес әңгіме. Алматы қаласында 28 панфиловшылар саябағында 28 батырға обелиск орнатылған сол қатарда Қожабергенов Асқардыңда аты-жөні жарқырап тұр. Түрксіб санаториінің жанында А.Қожабергенов атындағы көше бар. Талдықорғандағы орталық демалыс саябағындағы ескерткіш тақтайшада батырдың есімі жазылған.
Талдықорған, Үштөбе қалаларында, Көксу ауданының Көксу бекеті, Зылиха Тамшыбай ауылында батырдың атымен аталған көшелер бой көтеріп тұр. Еңбекші селолық аймағының әкімшілік мекемесінің алдында А.Қожабергеновке құрмет тақтайша орнатылған. Көксу ауданы батырлар мекені Жетісудың даңқын көтерген батырлардың рухына Жеңістің 80 жылдығына жер жанатты өңірінің халқы тағзым етіп, еске алайық.
Қожабек Баймырзаұлы Қожабергенов,
батырдың немересі.
Көксу ауданының Құрметті азаматы