Жеңіс үшін тер төккен тыл ардагері

92

Шәкенова Мәпіш  Шәкенқызы 1933 жылдың  8 наурызында  Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Екпінді ауылында  өмірге келген. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері.

  Мәпіш апамыздың да балалық шағы соғыс жылдарымен  тұспа-тұс келіп сол кездегі өз қатарластарымен бірге «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен майдан даласында жүрген  әкелерінің елге жеңіспен оралуына  өз үлестерін қосу үшін балалық шағын  ерте тоқтатқандардың бірі.

Ол кісінің естелігі көз алдында.  Небәрі 3-сынып оқып жүргенде жасы 10-11-лер    шамасында барлығы  жетекшілеріне  еріп егін алқабына барып қолдарына бір-бір орақ алып егін орып, шөмеле салып, күзде тауға барып отын шауып мектепке отын дайындайтын еді. Қыс түскенде жүн жуып  аналарымен бірге  жіп  иіріп шөлкей, нәски тоқып, оны майдан даласында жүрген әскерлерге жіберіп отырған. Көктем шыға тауға барып тал әкеліп мектептің айналасына тал отырғызады, мал төлдегенде сақманға барып ер балалар қой жайса, қыз балалар қозы бағып, оларға сүт беріп асырадық деп еске алады. Сақман аяқталған соң қой қырқу басталып ер балалар жүн қырқып, қыз балалар қырқылған жүнді  қапқа салып аянбай еңбек етіпті. Елмен бірге  Жеңіс күнін жақындатуға аянбай еңбек ете жүріп балалық шағын өткізген.

Кейін Екпінді орта мектебін аяқтаған соң  Алматы қаласындағы Қыздар педогогика институтының география факултетіне оқуға түседі. Институт бітірген соң еңбек жолын Андреев ауданы, Тастұма жетіжылдық мектебінен бастаған. Одан кейін сол ауданда Комсомол орта мектебінде еңбек етеді. 1963-1982 жылдары Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім, директордың оқу тәрбие іс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқара жүріп зейнеткерлікке шығады.Ұстаздық жолында елімізге белгілі талай шәкірттерді тәрбиелеп білім беру саласына үлкен үлес қосқаны үшін еңбегі еленіп көптеген марапаттарға ие болды. Соның біразына тоқталар болсақ,  Халық ағарту ісінің озық қызметкері  медалімен және  Отан соғысының  мерейтойлық медалдарымен бірге көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бүгінгі таңда апайымыз 5 бала, көптеген немере, шөберелер сүйіп, ұрпағымен мың жасап отырған аяулы ана, асыл әже.Мәпіш апамыздың қазіргі арманы бүгінгі өскелең ұрпағымыздың өзінің замандастарының көрген қиыншылықтарын көрмей, аспандары ашық, замандары тыныш болып, ашық аспан астында бақытты өмір сүрсе екен дейді.

                                                                                             Дәнегүл  Сейітқұлова,

                                                                          Талдықорған қалалық ардагерлер

                                                                                   кеңесінің әжелер төрайымы

  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз