Отан алдындағы борыш — ерлікке бастар жол

66

Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сүмбе ауылының тумасы қатардағы жауынгер Нуридин Намеджанов — қазіргі таңда еліміздің шекарасын күзетіп жүрген жас сарбаздардың бірі. Ол — ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл ауданы бойынша басқармасында Отан алдындағы перзенттік парызын адал атқарып жүр. Нуридин отбасындағы үш баланың бірі.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің жан-жақты қабілетімен ерекшеленген шекарашы шахмат ойынына деген қызығушылығын дамытып, 8-сыныпта ауданаралық жарыста II орын, ал 11-сыныпта Талғар қаласында өткен сайыста I орынға ие болып, зияткерлік қабілетін дәлелдеді.
Туған жері — ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың топырағы болғандықтан, Нуридин үшін поэзия — рухани тірек. Ол ақиық ақынның шығармашылығына ерекше қызығушылық танытып, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын, «Отан», «Шеше», «Сағатым, менің сағатым» сынды өлеңдерін жатқа айтып, ауылдастарының ыстық ықыласына бөленіп өсті.
Бүгінде шекара сақшысы атанған өрен тек әскери дайындықта ғана емес, сонымен қатар мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда да ерекше көзге түсіп жүр. Әсіресе, поэзия кештеріне белсенді қатысатын сарбаздың өнерге, руханиятқа жақын екенін көрсетеді.
Қатардағы жауынгер Нуридин Намеджанов — нағыз патриот. Ол — білім мен рухани байлықты қатар алып жүрген, елін сүйетін, елі сүйетін азамат. Осындай жас сарбаздарымыз барда ел шекарасы әрдайым мызғымасы анық!

                                    ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз