ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл ауданы шекара басқармасының сарбаздары үшін маңызды тәрбиелік шара ұйымдастырылды. Іс-шара Үшарал қаласының орталық кітапханасында өтті.
«Ислам – экстремизм мен лаңкестікке қарсы» тақырыбындағы кездесуге Алакөл ауданының бас имамы Серікбек Асқарұлы мен теолог-инспектор Саят Танысбаев арнайы шақырылды. Олар қатысушыларға дәстүрлі ислам құндылықтары туралы кеңінен мағлұмат беріп, дін атын жамылып жасалатын экстремистік әрекеттердің қоғамға зияны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында сарбаздар дін мен қоғам арасындағы байланыс, жастардың діни сауаттылығы және рухани тәрбие жайында көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алып, өз ойларымен бөлісті. Шараның басты мақсаты – жастардың діни көзқарастарын дұрыс қалыптастырып, олардың радикалды ағымдардың ықпалына түсіп кетуінің алдын алу болды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті