Өз баспанаңа ие болу үлкен бақыт. Талдықорғандық әлеуметтік жағынан осал тотағы азаматтар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар жаңадан бой көтерген «Бірлік» шағын ауданынан 60 пәтер кілтін иеленді.
Көктемнің жаймашуақ күнінде тұрғындар қуанышқа бөленді. Оларға пәтер кілтін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл табыстады.
— Заманауи үлгіде салынған, әдемі, жайлы үй біршама жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға беріліп отыр. Пәтерлердің алғашқы легін «Шаңырақ күніне» орай 60 отбасыға облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы келіп табыстап, қуаныштарымен құттықтаған болатын. Бүгін міне, тағы да 60 жанұя қоныстойын тойламақ. Бұл игі іс жалғасатын болады.Осы шаңырақтарыңыз құт –береке, қуанышқа толсын. Ұлдарыңызды-ұяға, қыздарыңызды-қияға қондыратын жайлы қоныс болсын!
Жыл соңына дейін тағы да 1500-ге жуық отбасыны жайлы баспанамен қамтысақ деген жоспарымыз бар. Ал осы жылдың басынан бері бүгінгіні қосқанда 248 отбасы баспаналы болды,-деп атап өтті қала басшысы.
Бұл пайдалануға берілген үйде 3 бөлмелі – 30 және 1 және 2 бөлмелі 15-15 –тен пәтерлер бар.
Баспанаға қол жеткізгендердің бірі – алты бала тәрбиелеп отырған, «Күміс» алқа иегері Әйгерім Қайыпбекова. Ол осыдан 11жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрған:
«Біздің отбасымызда қуаныш. Үш бөлмелі пәтердің кілтін қолыма алдым. Бұл – біздің үлкен отбасымыз үшін ең бақытты күндердің бірі. Отағасы Бүркіт екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге 20 жылдан асты. Жалдамалы пәтердің бірінен-біріне көшіп жүруден шаршадық, әрі қиын, әрі қымбат. Бүгін көптен күткен қуанышты сәтіміз туды. Шын жүректен ризамыз! Мемлект басшысының тапсырмасы орындалып жатыр. Біз сияқты көпбалалы аналар және басқа да категориядағы азаматтар үйлі болып жатыр. Қоныстой құтты болсын»,- дейді жаңа қоныс иесі.
Тағы бір тұрғын ризашылық кейіппен ізгі тілегін білдірді: «15 жыл кезекте тұрдық. Тұрмысбеков Берік пен Махаббат атты немерелерімді оқытып, тәрбиеледім . Олардың жеке пәтері болғандығына қуанып тұрмын. Жылы, жайлы қоныста тұратын болды. Облысымыздың өркендеуіне балаларымыз қызмет ете берсін. Өмірлері жарқын, аспандары ашық, бейбітшілік болсын!», -дейді Шолпан Мұсанова.
«Балам Бекұлан Қожанов ел қорғау саласында, осы қаладағы әскери бөлімде қызмет жасады. 15 жыл тұрғын үй кезегін күтті. Алайда, бұл күнге жете алмады. Қайтыс болып кетті, ал бүгінгі пәтер кілті мұрагер ретінде маған табысталды»,- дейді Иманғалиева Ізтілеу апа.