Наурызнаманың онкүндігі аясындағы Ынтымақ күні облыс орталығы Талдықорған қаласында ерекше салтанатпен аталып өтті. Бұл күннің идеясы-жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлік насихатталды. «Наурыз-керуен» шарасына облыс бойынша 3200-ден аса адам қатысты.
Қазақ халқы ежелден береке-бірлігін бекемдеп, ынтымағы мен татулығын ту еткен дана халық. Сондықтан бұл күн халқымыз үшін айрықша мәнге ие болмақ. «Самарқанның көк тасы», «тәңірлік тасы», «Самарқанның көк тасы еріген кез» деген сөздер өткен өмірдің табиғи бейнесін, оның көріністерін бойына сыйдырып тұр. Күн мен түннің теңесетін шағы, қыстан қылмай шыққан елдің бірін –бірі көрісуі қуанышты сәтке баланған. Талдықорғанның орталық алаңынан жылжи отырып, көш-керуенде түйеге, ат арбаға мінгендер, салт аттылар, жаяу жүргендер – ұлттық киім киген жалпы саны 1200-ден астам адам «Жастар» саябағына бет алды.
Көш керуеннің құрамында еңбек ардагерлері, мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым, жұмысшы мамандықтар иелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері, спортшылар, құсбегілер, итбегілер, еңбек ұжымдары, қала тұрғындары болды.
Керуенге қатысушылардың арасында А.Мүсірепов те бар:
— «Жастар Ассамблеясы» филиалының мүшесімін. Бүгін Наурыз керуенінің құрамында Мемлекеттік Туды ұстап жүру мәртебесі маған тигеніне шын жүректен қуандым. Орталық алаңнан «Жастар» саябағына дейін Туымызды тік көтеріп алып жүремін. Наурыз – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын ерекше мерекеміз. Сондықтан оған атсалысу – ортақ міндет.
— Наурызға арнайы дайындалып, қазақша киімімізді киіп, орталық алаңға келдік. Ұлттық дәстүріміз ұлықталатын сәт осындай шаралардан көрінеді. Жыл сайын ұжымымызбен Наурыз мерекесінен қалмаймыз. Қазір салт-дәстүріміз жаңаша жаңғырғанын көріп қуанып тұрмын. Алаңға немерелеріммен келдім. Олар да осындай салтанатты көріп, өнеге алсын,-деп ойын білдірді қала тұрғыны А. Сүлейменова.
Орталық алаңда керуенді Д. Рақышев атындағы филармонияның М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі ұлттық әуендермен шығарып салса, оларды «Жастар» саябағында «Жетісу сазы» фольклорлы- этнографиялық ансамблі жыр шашумен қарсы алды. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.Ата-бабаларымыз үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты, кешіріммен қарауды, ұрпаққа өнеге болатындай іс істеуді, даналық пен ұлағаттылықты ұстанған. Мұсылмандар 21 наурыз күнгі түнде Қыдыр (Қызыр) баба келеді деп сенген. Жаңа жылға, жаңа күнге, жаңа таңға көрісіп, жаңа нұрға шомылған халық бұл түнді «Қызыр түні» деп те атаған. Яғни «ырыс түні». Сондықтан ертедегі адамдар бұл түні ұйықтамай Жаратқанға құлшылық жасап, ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік тілеген. Ұлыстың ұлы күні Қыдыр баба әр шаңыраққа келіп, ырыс-дәулет сыйлайды деген ұғым қалыптасқан. «Жастар» саябағына жеткен керуенді желмаяға мінген Қыдыр баба бастап келді. Жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді. Жасқа жас қосылып, жуанның жіңішкеріп, ұзынсары келген шақта тойланар Наурыздың онкүндігі өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.