Ұлағатты дәстүр

54

Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты жинағында қазақтың салт-дəстүр, əдет-ғұрып, ойын-сауықтары, халықтық тəрбиесі туралы жан-жақты мағлұмат берілген. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынбақпыз.

 

ӨЗ БАЛАСЫН ӨЗІ САТЫП АЛУ

Баласы тоқтамаған адамдар, баламның өмір-жасы ұзақ болсын деген мақсатпен: Өмірұзақ, Ұзақбай, Тоқтасын деп ат қояды. Баласы  оған да тоқтамаса, қоныс, орын, үй жөткейді. Ал, оған да тоқтамаса, туыстық қарым-қатынасы жоқ, кісілігі жоғары, балалы-шағалы бір адаммен сөз байласады. Олар жөргек жасап апарып, бала шыр етіп жерге түскенде кіндігін кесіп, жөргекке орап əкетеді де, азан шақырып  ат қойып, үстіне қариялардың ескі-құсқыларынан киім тігіп кидіреді. 40–50 күн өткен соң, оны баланың өз ата-анасы барып сатып алады əрі жол-жөнекей жеті ақсақалдың алдына барып, оның бата-тілегін алып, баланы өз үйіне іргеден немесе терезеден кіргізіп алады.

Шілдехана күзету

 

Шілдехана – жаңа туған бала мен жаңа босанған ананың құрметіне жасалатын ойын-сауық. Шілдехана күзетуге, негізінен, босанған ананың жақын маңдағы туыс-туғандары мен көрші-қолаңдарының жігіт-желең, қыз-қырқындары, сондай-ақ, өнер сүйер үлкен-кіші ауыл адамдары келеді. Онда əр күні кеште ел орынға отырып, малды қора-лап, ас-су ішіп, ат-көліктерді отқа қойған соң, босанған ананың үйіне жиналып əн салып, күй тартып, өзара айтысып, жаңа босанған ана мен нəрестені əсем əнмен əлдилеп, тəтті күймен тербетеді. Шілдехана əдетте бір апта, тіпті 40 күнге дейін шам өшірмей жалғастырылады. Шілдехана күзетудің өзіндік ғылыми мəні бар. Жас босанған анамен нəрестенің шошынып, түрлі жүйке ауруларына шалдығуының алдын алады. Жаңа туған нəрестенің тұншығып қалуының немесе зиянды жəндіктердің шағып зақымдап кетуінің алдын алады. Жас босанған анамен нəресте əн-күй, өлең-жыр тыңдап, тез сергиді. Бала болашақта ізгі ниетті, өнер сүйгіш, ақкөңіл, ашық-жарқын болады.

 

 

Ұрын бару

 

Қазақ салтында күйеу жігіт пен қалыңдық қалай болса солай, бейберекет кездесе бермейді. Қайта белгілі тəртіп, жол-жосын бойынша, өскелең адамгершілік тұрғыда кездеседі. Қалыптасқан дағды бойынша, күйеу жігіттің əкесі құдалықты бітіріп, құда-құдағиларына есік-төр көрсетіп, «өлтірісін» берген соң, ұлын қайын жұртына жіберу қамына кірісіп, бұл ниетін қыздың ата-анасына білдіреді əрі қыз ата-анасының мақұлдауын алған соң, ұлының қасына сегіз қырлы, бір сырлы сал-сері жігіттердің бірнешеуін қо сып, «ілуге» деп бір бағалы сыйлық, «есік ашар» деп бірнеше мал айдатады. Одан сырт, түрлі жол-жосындар мен кəделерге арналған торғын-торқа, орамал, сақина, сырға-білезік сияқты заттарды беріп, ерекше салтанатпен ұлын қайын жұртына аттандырады. Ал, қолы қысқа жігіттер «орамал тон болмайды, жол болады» деп, қолда бар орамал, шаршыларымен бара береді. Күйеу жігіттің қалыңдығымен осылайша ашық кездесуге баруын «ұрын бару» деп атайды.

 

 

ШОЛПЫ, МАРЖАН-МОНШАҚ ТАҒУ

Қазақ халқы ұл-қыздарына жан сұлулығы мен тəн сұлулығы тəрбиесін мұқият жүргізумен бірге, қыздарының киім-кешек, аткөлік, ер-тұрман, безену істеріне дейін ерекше көңіл бөлген. Мұнда, əр отбасы қыздары ес біліп, етек жаба бастасымен оларға киімнің торқасын  кидіріп,  аттың  жорғасын,  ер-тұрманның  əдемісін  міндіріп, шаштарын өріп – шолпы; көйлек, қамзолдарының өңіріне сөлкебай, маржан, мон шақ тағып, көрген жанның көзі сүрінердей етіп үлде мен бүлдеге бөлеп өсіреді. Қыздарды бұлай өсірудің үлкен ғылыми мəні бар. Шолпы, сөл кебай, маржан, моншақ сияқты бағалы заттар қыздардың сыртқы көркі не көрік қосса, өскен ортасы мен ел-жұртына қуаныш пен іңкəрлік, құштарлық пен сүйіспеншілік бағыштап, көптің мерейін өсіреді. Ал, оны таққан қыз балалардың жан сезімін сұлулыққа баулып, қимыл, қылық, жүріс-тұрысын əсемдікке, көркемдікке дағдыландырады. Мысалы, шолпы, маржан, моншақ таққан қыздар оқыс қылық, оғаш қимыл жасаса, шашындағы, киімдеріндегі шолпы, маржан, моншақтары салдырлаған жағымсыз дауыс шығарып, оқыс қылық, оғаш қимылын дереу тежеуге мəжбүрлейді. Ал, епті қимыл, əдемі жүріс-тұрыста болса, шолпы, маржан, моншақтары құдды музыка сияқты сыңғырлап, қыздарды əсем жүруге дағдыландырады.Қазақ халқы шолпы, білезік, жүзік, сақина сияқты сəндік бұйымдардың көбін ақ күмістен жасатқан. Халық ұғымында: ақ күміс – адалдықтың, пəктіктің, бақыт-байлықтың символы деп қаралып, «алтын көрсе періште жолдан тайыпты» деп, алтынның жолын ауыр, тұйық деп есептеп, алтын бұйымдарын көп тұтынуды қаламаған. Бұл ұрпақтарды шексіз байлық қуудан, дүниеқорлықтан, қол жетпеске ұмтылып, орынсыз бəсекелесуден тыйып, перзенттерді нысаптылыққа, тойымдылыққа баулыған.

 

«БЕС СЕРІК» ТАБУҒА БАУЛУ

Қазақ отбасы тəлімінде ер адамдардың сегіз қырлы, бір сырлы, сондай-ақ, ат-көлік, қару-жарағы толық, аты-затына сай ер азамат болуына ерекше мəн берілген, яғни, ат жалын тартып мінген əрбір ер азамат мынадай «бес серік» табу керек деп қараған.

  1. Өнер-ғылым, үлгі-тағылым табу. Яғни, барлық өнерді жетік меңгерген, қандай да жұмыстың қажетінен шыға алатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болу.
  2. Адамгершілігі жоғары, адал да ақылды, іскер де ісшең жар табу. Ақылына көркі сай, адал да арлы жар ер жігіттің жігерін тасытып, мерейін өсіріп, өмірге деген құштарлығын арттырады. Татқанын тəтті, еңбегін сəтті етеді. Ал, жаман əйел жігітті қор, еңбегін сор қылады.
  3. Астына мінер тұлпары (аты) болу. Астындағы аты өзіне сай болмаған жігіт өкініш те қалады. Ер сыналар сəттерде қуса жете алмай сағысынып, меселдесі қайтады. Қашса құтыла алмай, жігері құм болады. «Жаман ат мінгеннен – жаяуым тыныш, жаман қатын алғаннан – бойдағым тыныш» деген сөз содан қалған.
  4. Шымыр дене, шыңдалған ақыл-айласы болу. Шымыр денемен күш-қуат, ақыл-айла – жаумен айқасқанда ер жігіттің мерейін үстем етеді. Қас жауыңды қас қағымда табаныңа салады. Еңбегіңді жемісті, шаруаңды келісті етеді.
  5. Қару-жарағы сай болу, яғни, ер қаруы бес қарудан тартып, əр-түрлі шаруашылыққа қажетті құрал-сайман, ат-əбзелдері толық болу. Міне, бұлар ер жігітке өмірлік серік болады деп ұғындырады. Бұл тəрбие ұрпақтардың үйренуге, ізденуге деген белсенділігін жоғарылатып, өнер-білімге деген ынта-ықыласын күшейтеді. Перзенттерді талғампаздыққа, мұқияттылыққа, ізденгіштікке баулиды. Жасөспірімдердің денелерін шыңдап, шынықтырып, түрлі ауру-сырқауларға қарсылық қуаттарын арттырып, сау денелі, тепсе темір үзетін атпал азамат болып өсіп-жетілуіне мүмкіндік жасайды.

БƏСІРЕ

Қазақ халқы ұрпақты болып өсіп-өнуді ерекше қуаныш санайды. «Бас екеу болмай – мал екеу болмайды» деп, басқа бас қосылуды бақыт-байлыққа балайды. Сондықтан да, бір отбасы перзентті болса, оның ата-əжесі мен туыс-туғандары перзентке «жасы ұзақ болсын» айтып,  міндетті  түрде  жейде  кидіреді.  Сондай-ақ,  бала  қырқынан шыққан да, тұсауын кескенде немесе сүндет тойын жасаған кезде оған тай-тайынша, қозы-лақ атайды. Міне, бұл «бəсіре» деп аталады. «Бəсіре» ұрпақтарды көл-көсір қуанышқа бөлеп, баланың туыс-туғандарына деген сүйіспеншілігін арттырады. Қоғамдық қарым-қатынасын  жақсартып,  мейірімді,  қайырымды,  жомарт  азамат  болып есеюге баулып, еңбекке, шаруашылыққа ерте бастан дағдылан дырып, адал еңбек, ащы терімен бақыт-байлық жарату жолына жетелейді. Малсақ, еңбекшіл болуға үйретеді.

ӨҢІР САЛУ

Қазақ халқы қыздарын ұзатып жіберген соң, артынан ата-ана, бауыр-туыстары үнемі іздеп барып, хал-жайын біліп, көмек қолдарын созып отырады. Əсіресе, қыздарының ата-ене қолынан бөлініп, өз алдарына отау көтеріп шыққандарын естігенде, төркініндегі туыс-туғандары балаша қуанып, шашулары мен жаңа отауға қажетті текемет, сырмақ, кілем, шыны-аяқ, т.б. заттарын апарып, отауларына құтты болсын айтады. Міне, бұл «өңір салу» деп аталады. «Өңір  салу»  салты  адамдардың  бір-біріне  деген  туыстық  сүйіспеншілігін арттырып, береке-бірлігі мен достығын нығайтады. Жаңа отаудың еш қиындық көрмей, тезірек бай-бақытты отбасына айналуына мүмкіндік жасайды. Адамдарды бауырмал, рақым-шапағатты, ізгі ниетті, жомарт болуға дағдыландырады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз