«Мемлекеттік қызметші — жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт, яғни мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс». Бұл орайда мемлекеттік қызметшіге қойылар талаптың қаншалықты жоғары екендігін аңғаруға болады. Осы орайда Мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен құқықтары, жауапкершілігі, аталмыш саладағы жаңашылдықтар мен өңірлік кадр резерві, мемлекеттік қызметтің ашықтығын көрсету барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес Төрағасы Қобылан Манаппен сұхбаттасқан болатынбыз.
-Қобылан Тоқбергенұлы, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы туралы жиі айтылып жүр, осы саладағы жаңашылдықтар туралы айтып өтсеңіз.
— Конкурстық іріктеудің жаңа тәсілі — мемлекеттік қызметке азаматтарды қабылдаудағы ашықтықты, адами фактордың қатысуын болдырмау мақсатында өткен жылы енгізілді. Бұл іріктеу тәсілі қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірлері мен орталық органдарында пилоттық сынақтан өткізіл отыр. Біздің Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы іріктеуге көшті. Конкурстың жетілдірілген тәртібі үміткерлерге «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы арқылы әлемнің кез келген нүктесінен және кез келген уақытта конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тестілеуден өту қағидаларын сақтауды прокторинг жүйесі қамтамасыз ететін болады. Конкурстың жаңа рәсімі ең аз балл жинаған үміткерлерді автоматты түрде кезең-кезеңмен алып тастауды, ең жақсы нәтиже көрсеткен үш үміткердің әңгімелесу кезеңіне қорытынды рұқсатты көздейді. Ал, конкурс рәсімі бірнеше кезеңді қамтиды:
Бірінші: 4 нормативтік құқықтық актіні: Конституция, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бойынша заңнаманы білуге тестілеу (нормативтік құқықтық актілер санын 9-дан 4-ке дейін қысқарды);
Екінші: қабілеттілікке тестілеу – конкурсқа қатысуға құжаттар тапсырылғаннан кейін өткізілетін кезең (әрбір бос орынға өткізіледі);
Үшінші: эссе жазу – барлық басшылық лауазымдар үшін міндетті. Бұл ретте мемлекеттік органдарға атқарушы лауазымдар үшін осы талапты өз қалауы бойынша белгілеу құқығы беріледі. Эссе тақырыбы нақты мемлекеттік лауазымның функционалына қарай анықталады;
Төртінші: конкурстық комиссиямен әңгімелесу кезеңі пулы алдын ала қалыптастырылатын мемлекеттік органның өкілдерінен және тәуелсіз сарапшылардан тұрады.
-Президенттің Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің ротациясын реттейтін нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу мәселесіне тоқталып өтсеңіз. Яғни, қандай Заңның негізінде жүргізіледі және қалай жүзеге асырылады? Ротацияға қандай мемлекеттік қызметшілер жатқызылады және ротация жасау барысында қандай талаптарды сақтау қажет? Ротация жүргізу барысында мемлекеттік қызметшілерге қатысты ескерілетін жағдайлар бар ма?
— «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығына сәйкес, Ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әзірленед және мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу тәртібі мен мерзімдерін, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарын айқындап береді. Мемлекеттік қызметшінің ротациясын мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам (уәкілетті адам) жүзеге асырады. Ротациялауға барлық мемлекеттік қызметшілер жатқызылмайды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының, Департамент басшылары, Департамент басшыларының орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың басқарма басшылары, басқарма басшыларының орынбасарлары және аудан әкімдерінің орынбасарлары (В-1, В-2, С-1, С-2, С-О-1, С-О-2, D-O-1, D-O-2 және Е-1 санаттары) ротацияланады. Ротациялау бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға және «Б» корпусының қызметшілері арасында лауазымдық ауыстыру жолымен жүзеге асырылады. «Б» корпусы қызметшілерінің ротациясы олардың соңғы атқаратын лауазымына тағайындалған күнінен бастап әрбір төрт жыл сайын жүргізілуі тиіс. Бұл ретте аталған мерзім мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылғаннан, құрылымы не лауазымдардың атауы өзгергеннен кейін бұрын атқарған лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес келетін, бұрын атқарған лауазымдарына тең дәрежедегі лауазымдарға қайта тағайындалған жағдайда қайта басталмайды. Сонымен бірге, бұрын атқарған және бұл лауазымнан өз еркімен не өзге лауазымға тағайындалуына байланысты босатылған лауазымға бір жыл ішінде тағайындалған жағдайда ротациялау мерзімі бұрын атқарған кезеңмен қоса есептеледі. Ал, егер мемлекеттік қызметші әлеуметтік демалысқа шықса немесе еңбекке уақытша жарамсыз болуына байланысты және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шет елдердегі мекемелерге, сондай-ақ өзге де ұйымдарға іссапарға жіберіліп, екі айдан астам уақыт жұмыста болмаған кезең қосылмайды. Ротация жүргізу кезінде мемлекеттік қызметшілерді басқа елді мекенге көшуге байланысты мүгедектігі бар адам, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар, яғни, қорғаншы болып табылатын жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана болып табылатын немесе асырауында мүгедектігі бар ата-анасы не зейнеткер ата-анасы бар болған жағдайда мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана ротацияға жол беріледі. Сонымен бірге, осы аталған мән-жайлар құжат түрінде расталуы тиіс.
-Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде еліміздің әр облысында, республикалық маңызы бар қалаларында және астанада өңірлік кадр резервтері қалыптасты. Жетісу облысында қанша адам резервке іріктелді және қазіргі уақытта осы резервшілер белгілі бір лауазымдарға тағайындалды ма?
— Мемлекет басшысының бастамасы негізінде 2024 жылы алғаш рет елімізде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өңірлік кадр резервтері қалыптастырылды. Жобаның негізгі мақсаты — жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты. Іріктеу құжаттарды қабылдау, Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу, құзіреттерді бағалау, комиисиядағы құрылымдық сұхбат кезеңдерінен тұрды. Іріктеуге 300 азамат қатысып, Жетісу облысының Өңірлік кадр резервіне 20 азамат қабылданды. Өңірлік кадр резервінде болу мерзімі 2 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде сайланатын және басқарма басшысы (D-O-1 санаты) лауазымдарын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурссыз, яғни, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің келісімі арқылы тағайындала алады.