Қазақстандық бірегейлікті нығайту, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстардың алдын алу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары. Татулық пен бірлікті ұран еткен елміз, көп конфессиалды мемлекетке айналуының түп тамыры осында жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз»,-деген болатын. Бір мақсат жолында әртүрлі ұлтты қоса білген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына осы жылы 30 жыл толып отыр. Нәтижесінде, еліміздің бірлігі мен ынтымағы – тұрақтылыққа айналды. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Жетісу өңірінде 70-тен астам этнос бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруде. Достық үйі ғимаратында 14 облыстық этномәдени орталықтың кеңсесі орналасқан. Әрбір ұлтқа біздің жерімізде қоғамдық бірлестігін, мәдени орталығын, одағы мен қауымдастығын құрып, еркін тұрақтануға мүмкіндік берілген. Олардың негізгі қызметі өз этносы туралы мәлімет жинақтауға, әр елден келген қонақтарды (әр орталық) қабылдап өңірдегі этностардың жағдайымен таныстыруға, екі ел арасындағы ынтымақтастықты сақтауға бағытталған. Негізгі қызметтері әрбір этностың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сипаттайтын және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған ұлттық және мемлекеттік мерекелерді атап өтуге (конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, фестивальдар, байқаулар, конкурстар, халықтық қолданбалы өнер көрмелері және басқа да түрлі) іс-шараларды ұйымдастыруға негізделген.
Жеңіс Андабеков, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары





























