Талдықорған қаласындағы Достық үйінде республикалық форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, облыстық ҚХА мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттық топ мүшелері мен жастар қатысты,— деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік кездесу барысында өңір басшысы алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына арналған құттықтауын оқыды.
Өз құттықтау хатында Президент ҚХА-ның жылдар бойы халқымыздың ынтымағын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосқанын айта келе, осы ұйымның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылғанын атап өтті.
«Ассамблея ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Мұнан соң облыс әкімі Жетісуда тарихы ортақ, тағдыры бір 70-тен астам ұлт пен ұлыс бар екенін, өңірде 21этномәдени бірлестік жұмыс істейтінін жеткізді. Ассамблеяның құрылу тарихына тоқталып:
— Осы ретте біздің өңіріміз үшін маңызды естелікті келтіре кетсем. Талдықорған қаласында 1991 жылы алғаш рет Жетісу халқының жиналысы өтіп, онда«ұлттық мәдени орталықтар қауымдастығы» құрылды. Еліміздегі алғашқы Достық үйі де Талдықорғанда ашылды, — дей келе Бейбіт Исабаев облыстық Ассамблея ардагерлеріне бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, марапаттау рәсімін атқарды.
ҚХА ардагерлеріне, Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері менэтномәдени бірлестіктердіңөкілдеріне – жалпы саны 20-ға жуық адамғаоблыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді.
Бұдан соң «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.Іс-шарада мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ассамблея мүшелері мерекеге орай өз тілектерін білдірді. Облыстық ҚХА жанындағы «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің жетекшісі, ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Светлана Гаитова:
— Алғыс айту мерекесінде барша жетісулық жерлестеріме өзім секілді аналардың атынан ризашылығымды білдіремін. Ассамблеяның құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы 30 жыл ішінде біз достықта, берекелі ғұмыр кештік. Бұдан былай да бірлігімізді нығайтуға әрқайсымыз атсалысамыз деп сенеміз, — деді.
Ассамблея ардагерлерінің бірі Раиса Чофучина да құттықтау тілегін айтты:
— Ассамблея – көп этносты халықты біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдырып отырған аса маңызды құрылым. Біз мұнда бір-бірімізді танып біліп, бір-біріміздің салт-дәстүрімізге құрмет көрсетеміз. Мен қазақ тілін үйреніп, қазақ халқының әдет-ғұрпы жайы кеңірек біле бастадым. Бүгінгідей мереке бәрімізді біріктіре түседі. Барша жетісулықтарға зор денсаулық, еңбекте табыс тілеймін. Еліміз өсіп-өркендей берсін, — деді ол.
Атап өтсек, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Жетісу облысында көп этностыөңірдің мәдениеті мен облыстық Ассамблеяның жұмысын паш ететін 70-тен астам кешенді іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.