Қарымды қаламгер

305

Жетісу облысының мемлекеттік архивінің жеке тектік қор иесі, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Көксу ауданының «Құрметті азаматы»,  қарымды қаламгер,  Нұрила Дәнтайқызы Бектемірова таяуда 75 жасқа толды.

Нұрила Бектемірова 1950 жылдың 6 ақпанында Алматы облысы Көксу ауданының Быжы станциясында дүниеге келген. 1967 жылы Үштөбе қаласындағы қазақ теміржол орта мектебін бітірген. Еңбек жолын сол кездегі Киров аудандық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. 1973 жылы Қазақтың қыздар педагогикалық институтының библиография және кітапхана факультетін сырттай оқып бітіріп, диплом алған. 1975 жылы Киров аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. 1991 жылдың қыркүйек айынан бастап Көксу аудандық әкімі аппаратының іс қағаздарын жүргізуші, кейіннен жалпы бөлім бастығы болып 2010 жылдың ақпанына дейін қызмет атқарған. Еңбек өтілінің 37 жылын тек мемлекеттік қызметке арнаған. Жалпы еңбек өтілі 50 жылға жуық. Жас күнінен бері повесть, әңгіме, өлең, очерк, мақалалар жазып, Нұрила Дәнтайқызының қаламынан туған әр шығармасын қалың оқырман жылы қабылдап, шынайы өмірден алынған оқиғаларға қанық болды.

Жазушы Нұрила Дәнтайқызының айтар ойы айқын, тілі жатық. Тағдыр тауқыметін, өмір шындығын, қоғам келбетін суреттеген шығармаларының басты арқауы ана мен бала, жанұя басында болатын күрделі де терең, жан толқытқан психологиялық дағдарысқа толы оқиғаларды, адамдардың толғаныстарын, мінез-құлықтарын, өкініш пен қайғы-қасіреттерін, адалдықты, жан дүние сұлулығын арқау етіп алған еңбекқор жазушының  «Өмірдің кейбір сәттері», «Ұялған тек тұрмас…», «Нұрлы өмір – сырлы өмір», «Бақыттың білесің бе бағасын?», «Өмір бір басқа, көңіл бір басқа», «Сырлы ғұмырлар әлемі», «Өмір думан дүние жалған», «Халықтың қазыналы Қалқасы», «Жаны жайсаң Жанайдар», «Өмірдің өзі жазған әңгімелер», «Күн түнекті сейілтеді», «Жылдарым-жырларым ұшқан», «Көңіл шамы» сынды шығармалары мен кітаптары қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Өмірден алынған оқиғалар желісінде жазылған шығармалардың оқырмандарға берер тағылымы мол.

Нұрила Дәнтайқызы ақын қырықтан астам ән мәтіндерін жазған. Республикалық конкурстарда ән мәтіндерін жазған еңбегі үшін жүлделі орындарға ие болған. Жетісу өңірінде өткізілген үш мүшәйраның жеңімпазы. «Жетісудың бір қызымын» атты әннің  әуенін жазған  қазақтың тамаша талантты  сазгері  Серікжамал Әжібекова.  Жалпы  бұл сазгер  шығарған   туған ел мен жерге арналған  отансүйгіштік әндер республика, облыс көлемінде кеңінен танымал.  Оның ішінде  «Батыр аға – Нұрмолда», «Туған елдің  Қалқасы-ай»  және тағы басқа әндердің  сөзін жазды.  Ал,  Жетісудың  атақты сазгері Әли Алпысбаевтың   көрермен  тыңдаушылар  арасында ерекше бір ыстық ықыласқа ие болған «Досым», «Қазағым», «Көгілдір Көксу», «Ай күнім», «Ана туралы баллада» және тағы басқа әндерінің  мәтіндері  де Нұрила Дәнтайқызының қаламымнан туған.    Үш ән республикалық  байқауда  лауреат атанды.  Әрине, бұл сазгерлердің және ән сөзінің авторының  еңбегінің   жемістері .  Олардың  көрермен халық үшін  жазған сазды әуендері әрдайым Жетісудың төрінде  шалқи берсін!

Нұрила Дәнтайқызы өз естелігінде:

-Жан дүниеңдегі  туа біткен  дарын  ешқайда көшпейді де, өшпейді де екен.  Қызметтен, отбасылық өмірден қолым сәл қалт етсе  ойымда көлкіп жүрген  дүниелерімді қағаз  бетіне түсіріп жүрдім.  Ол кезде  кітап шығару  бір  қиямет-қайым еді.  «Ұялған тек тұрмас» деген әзіл-сықақ әңгімелерім сонау Москвадан мақұлданып,  «Жалын» баспасынан жарық көрді. «Тамаша» әзіл-сықақ   театрында  екі-үш қойылымдарым қойылды. Бір сөзбен айтсам,  еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізуі қаламгерлер үшін  бір сара  жол ашты. Кеңес заманындағы   «ананы жазба, мынаны жазба» деген  шектеулер  тоқтатылып, шығармашылықпен айналысатындарға  бір кең   тыныс   ашылды. Көп жылдардан кейін   алғашқы жинағым сол кездегі  Алматы облысының әкімі  Серік Үмбетовтың қолдауымен   «Нұрлы өмір – сырлы өмір»  деген  атаумен  «Арыс» баспасынан жарық көрді.  Ол кісіге қатты ризамын.  Бір сәтте  таралып кеткен  бұл жинағымды  оқырмандардың  жылы қабылдауы мені шексіз қуанышқа  бөледі, — деп ағынан жарылады.

Біз оқырмандары, кітапсүйер қауымы тамаша туындыларын сүйіп оқитын асқан еңбекқор жазушы, журналист бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы бір сырлы бесаспап Нұрила Дәнтайқызы апайдың отбасына шексіз бақыт, мықты денсаулық, ұрпағының амандығын тілейміз!  Жасай беріңіз жан апа!

                                                                                                                                                                                                                                              Бұлбұл Мәкенова,

                                                                             Жетісу облысының  мемлекеттік

                                                                                          архивінің архивисі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз